Екінші топ мүгедегі әрі балалар үйінің түлегі досы үшін пәтерінен айырылып қалған

396

Мемлекеттік бағдарлама арқылы алған баспанасын сатып, досына көмек берген балалар үйінің тәрбиеленушісі, екінші топтағы мүгедек Салих Қалиев қазір жатақханада тұрып жатыр. Жақынының мәселесін шешемін деп, өзі үйсіз қалып отыр. Енді ол өзінің концерттік турларын ұйымдастырып, ипотеканың бастапқы салымына қаржы жинамақ ниетте, деп хабарлайды, деп хабарлайды almaty.tv

Салихтың ән шырқау өнерін оның Кентау кәсіптік колледжіндегі тәрбиеші мұғалімдері байқапты. Ұстазының арқасында бүгінде сахнада өнер көрсетіп жүр. «Үздік жастар премиясы», «Бейбіт өмір батыры» номинацияларының иегері. Балалар үйінде өскен Салих осыдан бірнеше жыл бұрын қиын жағдайда қалған досына көмектесу үшін өз пәтерін сатып, ақшаны қолхат арқылы берген екен. Әйтсе де, қарызын екі айдың ішінде қайтарып беремін деген досы қиындығы шешілген бойда уәдесін ұмытып кетіпті. «Ол менің пәтерімде жүргенде қаржылық қиындықтары туындап, көмек сұрады. Инвесторларға үлкен көлемде қарыз болған екен. Негізі, букмекерлікпен айналысатын. Онымен бірге нотариусқа барып, пәтерді саттық. Бәріне тек менің қолым керек болды. Бұл қолхатсыз маған қазір қиын болар еді. Соттың шешімімен одан мамыр айынан 20-30 мың теңге көлемінде, қазан айынан бастап 70 мың теңге ақша алып отырамын», – деді қайырымдылық концертін ұйымдастырушы Салих Қалиев. Өнер иесі өзін қиын жағдайда қалдырған досы отбасының жалғыз асыраушысы екенін ескеріп, оның темірторға тоғытылуын қаламайды. Осылайша медиациялық соттың шешімімен досы ай сайын белгіленген сома төлеп отыратын болыпты. Салих Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің түлегі, мәдени-тынығу жұмысы бойынша маман. Қазір ол қайырымдылық іс-шараларды ұйымдастырумен де айналысады. «Қайырымдылық шараларын ұйымдастырғанмын. Өткізілген шараның қаржысын жағдайы төмен отбасыларға беретінбіз. Қазір мен өзімнің тұрғын үй мәселем бойынша әрекеттенуді бастадым», – деді Салих Қалиев. Енді Салих концерттік тур ұйымдастырып, жиналған қаржыға ипотеканың бастапқы жарнасын төлемек. Енді 29 қазан күні Жастар ресурстық орталығында сағат 11:00-де онлайн-офлайн форматта оның «Өзіңе сен» атты концерттік бағдарламасы өтпек.

Advertisements