Түркістан облысында қарқынды бау көлемі 3,9 мың гектарға жетті

486

Түркістан облысында 2021 жылы жаңадан 779,3 гектарға қарқынды бау отырғызылып, жалпы көлемі 3,9 мың гектарға жетті. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым көп. Былтыр 516,9 гектарға көшет отырғызылған болатын. Оның 355 гектарына 2,7 млрд. теңге субсидия қаржысы төленіп, мемлекеттік қолдау көрсетілген, деп хабарлайды  gov.kz

Биыл жыл соңына дейін қарқынды алма баудан гектарына орташа 250 центнерден өнім алып, 45 мың тонна жеміс жинау жоспарланып, меже өткен жылмен салыстырғанда 15 мың тоннаға артып отыр. Түркістан облысы бойынша 108 кәсіпкер қарқынды бау өсірумен айналысады. Бұл ретте өңірде қарқынды бауларға ерекше көңіл бөлініп, мемлекет тарапынан көптеген қолдаулар көрсетіліп жатқанын айта кеткен жөн. Биыл «Тұқым шаруалығын дамытуды субсидиялау» бағдарламасы бойынша 16 агроқұрылымға 252,6 млн. теңге субсидия төленді. Сонымен қатар агроқұрылымдардың өтінімдеріне сәйкес қарқынды бауға қолданылатын минералды тыңайтқыштардың, пестицидтердің 50 пайызы субсидияланды. 685 гектарды құрайтын 13 инвестициялық жобаға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген. Шаруаларға жұмыс барысындағы шығындардың 40% өтеуге бюджеттен 2,3 млрд. теңге субсидия қаржысы төленген. Түркістан облысы бойынша бүгінгі таңда жеміс салу жасындағы жеміс-жидек ағаштары 18,3 мың гектарға орналастырылған. Атап айтсақ, 15,8 мың гектар алма, 0,5 мың гектар алмұрт, 1,1 мың гектар өрік, 0,5 мың гектар шие, 0,5 мың гектар, шабдалы, 1,1 мың гектар қара өрік ағаштары бар.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Advertisements