ШЫМКЕНТ: «Шаңырақ» бағдарламасының шарапаты кең

387

«Шаңырақ» жеңілдетілген несиелік бағдарламасы бойынша азаматтарды қоныстандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.
Қазіргі таңда №61А,62А,63А,64А,65А тұрғын үйлердің пәтер кілттері табыс етілді. Бұған дейін аталған бағдарлама аясында Шымкент қаласында, Тұран шағын ауданында орналасқан 12 тұрғын үйдің яғни (№49А,50А,52А,53А,54А, 6А,8А , 10А ,12А, 14А, 16А, 18А) инфрақұрылымдық коммуналдық қызметтері жүргізіліп, азаматтарды қоныстандыру жұмыстары жалғасуда.
Азаматтарға пәтер кілттерін табыстаған Шымкент қаласы құрылыс басқармасының басшысы Әбілсейіт Рабаев жаңа қоныс иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, аталған тұрғын үйлер бойынша тиісті жұмыстардың атқарылып жатқандығын жеткізді.
–Тұран шағынауданында 280 пәтерлі 5 үйді пайдалануға беріп жатырмыз. Бұл үйлердің сметалық құны 4,5 млрд. теңгені құрайды. Қазір банкпен өзара құжат рәсімдеу жұмыстарын толық аяқтаған азаматтар қоныстану мүмкіндігін алды. Тұрғын үйлердің 5 жылдық мерзімде кепілдемесі бар. Қазірде мердігер мекемелермен инфраструктура құрылымдарын іске қосу жұмыстары бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда,- деді Ә. Рабаев
«Шаңырақ» бағдарламасына тұрғын үй кезегіндегі азаматтар ғана қатыса алады. Қоныс тойын тойлағандардың қатарында Данияр Әшірбайда бар. Ол 2015 жылы кезекке тіркелген. Жылдар бойы баспана жалдап келген отбасы «Шаңырақ» жеңілдетілген несиелік бағдарламасы арқылы бүгінде армандаған пәтеріне қол жеткізіп отыр. Қиындыққа мойымай, байсалдылықпен күтіп, үш бөлмелі баспанаға қол жеткізген отбасының енді өз шаңырағы бар.
–Қиыншылықтар көп болды. «Пәтер алып берем» деген адамдарға да алдандық. Құдайға шүкір енді өзіміздің үйіміз бар. Қуаныштымыз. Біздің баспаналы болуымызға жағдай жасаған әкімдік қызметкерлері мен «Отбасы банкке» алғысымызды білдіреміз.
Бүгінде азаматтардың баспаналы болуына қолдау ретінде 500 азаматқа 1 млн. теңгеге дейін несиелік баспананың алғашқы жарна төлемі үшін жергілікті әкімдік тарапынан қаралған. Аталған сертификатқа 1000-нан аса өтінім қабылданса, оның ішінде 382 өтінім мақұлданды. Қазір 382 өтінімнің 239-ы «Шаңырақ» бағдарламасының қатысушылары болып табылады.
Advertisements