591

Бүгін Парламент Мәжілісінің депутаты  Ержан Құдайберген Арыс қаласына жасаған екі күндік сапары аясында Ақдала ауылдық округінде азаматтарды жеке өтініші бойынша қабылдады.

уылдық округ әкімдігі ғимаратында өткен жиында ауыл ақсақалы Орынхан Арынбаев жайылым жер көлемін ұлғайту, ағын су мәселесін шешу және ауылдық округте түрлі шаралар өткізу үшін сыйымдылығы 100-120 адамға арналған мәдениет үйін соғу сынды мәселелерді көтерді. Аталған бағыттар бойынша округ әкімі Берік Әбілқасым  жауап берді. Оның айтуынша тұрғындар сұранысына орай биыл округтің жайылым жері 1 167 гектарға ұлғайтылған. Ал сыйымдылығы 240 адамға арналған мәдениет үйі мен кітапхана салу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға тапсырылған. Тиісті қаржы бөлінген соң құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады, – деді ауыл әкімі.

Ал П.Арапов елді мекенінің тұрғыны Бақыт Қалымбетов егістік алқапқа су жеткізіп отырған қолданыстағы А-1 және АК-2 каналдарының тармақтары бетондалса деген тілегін жеткізді. Бұл бойынша округ әкімі мәселе жергілікті әкімдіктің назарында екенін атап өтті.

Оның айтуынша, бұл каналдар 2015 жылы механикалық тазалаудан өткен. Қазіргі кезде қамыс мен ұйықтан канал тармақтарын тазалау мәселесі мамандар арасында қызу талқылануда.

–        Каналдарды бетондау жүйесі суды 40 пайызға дейін үнемдеуге жол ашады. Сіз айтып отырған қызметті қажет ететін канал – 12 км, ал лотокты қажет ететіні 30 км құрайды екен. Менімше, бұл шешілетін нәрсе. Бұл мәселе бойынша жауапты мекемелерге ұсыныстар берілетін болады,- деді Құдайберген Ержан.

Бұдан соң мәжіліс депутаты И.Журба атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде білім саласының басшыларымен кездеседі. Онда білім беру ұйымдарының жанынан қосымша жаңа ғимараттар салу және күрделі жөндеу жүргізу мәселелері қаралды. Өз кезегінде педагогтар тарапынан айтылған барлық ұсыныс-пікірлер парламентте көтерілетінін жеткізді.

Бұдан соң, депутат етті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара малды өсіру, көбейту жұмысымен танысу мақсатында Арыс қаласына қарасты Қожатоғай ауылдық округінде орналасқан «KAZ PLEMZAVOD» пен «МУБАРАК АГРО» ЖШС-де болды.

Онда шаруалармен кездесіп, мемлекеттік жеңілдіктер, ауылшаруашылық саласы бойынша субсидиялар жайы сөз болды.

Advertisements