АРЫСТА ПОЛИГОН ЖҰМЫСЫНА ҚАТЫСТЫ БРИФИНГ ӨТТІ

227
Жарылыс дауысын төмендету мақсатында жойылатын оқ-дәрілер бірнеше шұқырға тең бөлініп салынады және оның әр бірі бөлек-бөлек жарылады. Бүгін Арыс қаласында өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасының Қарулы күштері бас штабының инженерлік әскерлер департаментінің бөлімше бастығы подполковник Ержан Досымбеков осылай деп мәлімдеді.
«Қазіргі кезде «Бастарма» полигонында тереңдігі 2 метр болатын 9 шұқырдың әрқайсына 300 келіден артық оқ-дәрілер орналастырылмайды. Жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша алдағы уақытта жойылатын оқ-дәрілер көлемі бұдан да азайятын болады», – деді бөлімше бастығы подполковник Е.Досымбеков.
Маман пікіріне сүйенсек, жарылыс дыбысының қатты шығуы ауа райы ашықтығы немесе бұлтты болуына немесе желдің бағытына да тікелей байланысты көрінеді.
«Солай десек те, біз алдағы уақытта халық арасында алаңдаушылық туғызбау үшін жарылыс дыбысын төмендетуге қатысты қосымша шаралар қолдануды көздеп отырмыз», – деді ол.
Айта кетейік, өткен аптаның соңына қарай Арыс қаласының іргесіндегі әскери бөлім аумағында орналасқан қоймада оқ-дәрілерді залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуі салдарынан жарылыс дыбысы жергілікті тұрғындарды едәуір алаңдатқан болатын. Осыған орай, қала әкімінің шұғыл тапсырмасымен тұрғындарға кеңінен түсіндіру жұмыстары қолға алынды.
Advertisements