АРЫСТЫҚ КӘСІПКЕР «ТАЙБУРЫЛ» ДЕМАЛЫС АЙМАҒЫН ІСКЕ ҚОСТЫ

243
Арыста заманауи үлгідегі демалыс аймағы ашылды. Бір мезетте 700 адамға қызмет көрсете алатын демалыс аймағының иесі жергілікті кәсіпкер Олжас Сансызбайұлы.
«Тайбурыл» демалыс аймағы қаланың кіреберісіндегі Арыс өзенінің жағасында 2,1 гектар аумақта орналасқан. Орталықтың ашылуы салтанатына қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен Ардагерлер ұйымының өкілдері және жергілікті тұрғындар қатысты.
Жасыл желекпен көмкерілген саялы көлеңкеде 12 тапшан мен 200 орындықты әсем безендірілген бастырма бар. Ол жерлерде түрлі мәдени танымдық, ойын-сауыққа негізделген басқосу ұйымдастыруға болады. Демалушылар үшін мұнда арнайы би алаңы да бар. Сол сияқты, қақпа маңында 200 көлікке арналған автотұрақ салынған.
Аталған нысанды іске қосу үшін бүгінге дейін 60 млн теңгесін жұмсаған кәсіпкер түпкі мақсатына жету үшін мемлекет ұсынған қаржылық қолдауды пайдаланған. Яғни, туризмді дамыту бағдарламасы аясында «Ырыс» микроқаржылық ұйымының 20 млн теңгелік несиесін жеңілдікпен алған.
«Түркістан облысында туризм саласын дамыту мақсатында мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие бөлу мүмкіндіктері қарастырылғаны белгілі. Сол мақсатта Арыс қаласындағы «Тайбурыл» демалыс аймағы біздің ұйымға өтініш білдірген болатын. Тиісті мамандардың саралауынан кейін біз бұл ұйымға жеңілдетілген пайыздық көрсеткішпен қаржылай қолдау көрсету қажет деп шештік», – дейді «Ырыс» микроқаржы ұйымының несие бөлімінің басшысы Серік Көлбаев.
Айта кетейік, кәсіпкер алдағы уақытта демалыс аймағының іргесіндегі қосымша ғимаратты қайта жабдықтау арқылы арыстық жасөспірімдер мен балаларға арналған демалыс лагерін ұйымдастыруды көздеп отыр. Мұндай нысан іске қосылған жағдайда жергілікті балалар маусымдық жазғы лагермен толық қамтамасыз етілетін болады.
Advertisements