2026 жылға қарай отандық қант өндірісін 7 есе арттыру жоспарланып отыр – Бақыт Сұлтанов

295

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Мемлекет басшысының тапсырмалары бойынша азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы брифиг өтті. Онда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндама жасады.

Бақыт Сұлтанов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру және Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысы туралы баяндады.

Премьер-Министрдің орынбасарының айтуынша, қазіргі заманғы нарықтық сауда жүйесінің міндеті – сөрелерде әділ және болжамды баға белгілеуді қамтамасыз ету. Тиімді жүйенің негізі өндірістік-өткізу тізбегінің барлық қатысушыларының, яғни өндірушілер мен трейдерлердің, тасымалдаушылардың, сатушылар мен тұтынушылардың ортақ мүддесін сақтау екені мәлім. Ал бұл қағидаттардың бұзылуы тауарлардың физикалық қол жетімділігі, дүрлікпе сұраныс, бағаның өсуі және нәтижесінде тұтынушы құқығының бұзылуына әкеледі. Мұндай жағдайда мемлекет араласуға мәжбүр және қатысушылар арасындағы қатынастарды теңдестіру мақсатында реттеуші ретінде әрекет етеді.

«Осы мақсатта Үкімет дағдарысқа қарсы шаралар бағдарламасын қабылдап, инфляцияны тежеп, төмендетуге тырысты. Бұдан бөлек, сауда қызметін реттеу туралы заң осындай жағдайда әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке шекті бағаны, сауда үстемелерін белгілеуді және экспортты шектеуді көздейді. Сондай-ақ фискалдық шараларды күшейту, тауардың физикалық қолжетімділігін қамтамасыз ету және егіс кезеңінде тұтыну үшін қажетті тауар көлемін белгілі бір аймақтың форвардтық сатып алуын қамтамасыз ету болды. Бұл үшін жергілікті атқарушы органдардың ресурстары жеткілікті», — деді ол.

Б. Сұлтановтың айтуынша, нарықты қажетті тауармен толтырып отыруға сұранысы жоғары тауарларды өндіру мен өңдеуді ынталандыру шаралары да ықпал ететін болады. Бұл салалық мемлекеттік органның міндеті.

Әрі қарай сауда және интеграция министрі Мемлекет басшысының берген тапсырмаларына толығырақ тоқталды.

ҚАНТ САЛАСЫН ДАМЫТУ

Қазақстан қант бойынша импортқа тәуелді. Еліміз тұтынатын қант көлемінің 7%-ы отандық қызылшадан өндіріледі, қалғаны Ресей Федерациясынан қант түрінде, Бразилиядан шикі қант түрінде импортталады.

Қант саласын дамытудың бірқатар бағдарламасы қабылданып, іске асырылғанына қарамастан, ҚР АШМ ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз ету үшін өндірісті ынталандыра алмады.

«Вице-премьер ретінде осы мәселеге кірістім. Енді азық-түлік тауарларын өндіруді ынталандыру және субсидиялау саясаты мәселелерімен айналысамын. Бүгінде біз отандық қант саласын дамыту үшін нақты қадамдарды айқындадық. Біздің мақсатымыз – отандық шикізаттан өндірілетін қан көлемін ұлғайту, сол арқылы импортқа тәуелділікті азайту», — деді Бақыт Сұлтанов.

Біріншіден, отандық қант зауыттарын шикізатпен барынша қамтамасыз ету қажет. Алғашқы жылдары шикі қантты импортталмақ. Бұл үшін тікелей Үндістан мен Бразилияның өндіруші зауыттарымен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалатын болады. Осылайша, қант зауыттары шикізатты биржалық бағамен емес, белгіленген бағамен алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл ішкі нарықтағы бағаларды болжауға мүмкіндік береді.

Екіншіден, отандық өндірісті сыртқы факторлардан қорғау керек. Отандық бизнес үшін қантты өндіру мен қайта өңдеу тиімді болуы үшін жағдай жасап, кепілдік беру қажет. Қолдау шарасы ретінде бақылау бағасының ең төменгі деңгейін енгізуді қарастырылады. Бұл импорт тарапынан демпингті болдырмауға мүмкіндік береді және алдағы бірнеше жылда өндірісті қолдайды.

Үшіншісі – отандық шикізат базасын дамыту. Бұл өте маңызды бағыт. Ол үшін материалдық-техникалық базаға үлкен инвестициялар құю қажет. Бл орайда Ауыл шаруашылығы министрлігінің нақты көзқарасы мен есептері бар.

«Төрт жылда субсидияның жалпы көлемі шамамен 160 млрд теңге болып отыр. Сонымен қатар салаға шамамен 400 млрд теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Жалпы 2026 жылға қарай отандық қант өндірісін 7 есе арттырып, 35 мың тоннадан 253 тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр», — деді сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.

Төріншісі – бағаны белгілеу. Бүгінгі таңда қант бағасына шикізат импорты әсер етеді. Бұл жағдайда шикізаттың бастапқы құнын төмендету бойынша жұмыс тікелей және ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу есебінен жүргізілетін болады.

Сонымен қатар Транскаспий халықаралық көлік бағдарының өткізу қабілетін арттыру бойынша келіссөздер жүргізу арқылы логистикалық шығындарды төмендету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, атап айтқанда Иранмен 44% мөлшерінде жеңілдік беру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл орайда Иранға қатысты санкциялардың теріс әсерін болдырмау мақсатында АҚШ-пен және Еуроодақпен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Министрдің айтуынша, барлық буынның тиімді өзара іс-қимылы, атап айтқанда отандық шикізат базасын кеңейту және қант зауыттарын жаңғырту нарықта әділ баға белгілеуге мүмкіндік береді. Өндірісті, шикізат жеткізу арналарын әртараптандыру және тиімді өткізуді жолға қою өте маңызды. Бұл үшін талдамалық бірыңғай платформа пайдаланылатын болады.

Сала толыққанды дамып, өндіріс көлемі артса, азық-түлік белдеуі қамтамасыз етіледі, іркілістер болмайды, қант тапшылығы мен құнының өсу қаупі төмендейді. Осыны ескере отырып, қатысушылардың тиімді өндірістік-өткізу тізбегін жолға қою және заманауи сауда инфрақұрылымын құру маңызды.

ҰЛТТЫҚ ТАУАР ӨТКІЗУ ЖҮЙЕСІ

«Бүгінгі таңда фермерлермен, ӘКК және сауда желілерімен өзара байланыстың болмауы проблема болып отыр. Ұлттық тауар өткізу жүйесін құрудың мақсаты – өндірушіден ритейлге дейін тиімді және тұтас сауда-логистикалық инфрақұрылым құру», — деді сауда және интеграция министрі.

Осы мақсатта 24 көтерме-тарату орталығын құру жоспарланған болатын. Бүгінде қаржыландыру шарттарының өзгеруіне және МЖӘ шарты аясында мемлекет міндеттемелерінің деңгейін қайта қарауға байланысты осы модельдің тәсілдері қайта қаралды.

1. Енді агро-логистикалық орталықтар салынбайды

Көкөніс қоймаларын жаңғырту, салу және жеміс-көкөніс өнімдерін сақтауды қамтамасыз етуді ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өздері жүзеге асыратын болады. Бұл орайда Ауыл шаруашылығы министрлігі инвестициялық субсидияларды 25%-дан 50%-ға дейін ұлғайту арқылы қолданыстағы көкөніс қоймаларын жаңғыртуға және жаңаларын салуға отандық фермерлерді ынталандыру жөнінде шаралар қабылдайды. Шағын бюджет қаражатына көбірек жеке меншік қоймалары салынады.

2. Бірыңғай ақпарат жүйесі құрылады

Оған жеке меншік 9 КТО, көтерме сауда базарлары, көкөніс қоймалары, сауда желілері, азық-түлік тауарларын өндірушілер мен ӘКК қосылады. Бірыңғай ақпарат жүйесі өңірлер арасындағы өнімнің ішкі үйлестірілуі мәселелерін жедел шешуге, бір облыста тауардың көп болып, екіншісінде тапшылық орнауына жол бермейді.

Сондай-ақ көлеңкелі айналымды заңдастыруға мүмкіндік береді және тауарлар қозғалысының ашықтығы есебінен бағаның өсу тәуекелдерін төмендетеді. Сонымен қатар заманауи сақтау алаңдарының жүктемесін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

3. Өңірлерде көтерме-тарату орталықтары жетпей жатса, баламалы шешімдер қарастырылады

Өңірлерде көтерме-тарату орталықтарының қосымша объектілерін салу қажет болған жағдайда әкімдіктермен бірлесіп баламалы нұсқалар, оның ішінде жаңа инвесторларды тарту қаралатын болады.

Мемлекет басшысы «айналым схемасы» туралы сын айтты

Бүгінгі күні «айналым схемасының» қаржыландыру көлемі 86,5 млрд теңгеге жетіп, нарыққа ықпал ету үлесі 4% болып отыр. Министрдің сөзінше, мұның өзі бұл механизмнің тиімділігін көрсетіп отыр.

«Мысал ретінде Қарағанды облысын келтіруге болады. Сәуір айында 2 709 тонна картопты бөлшек саудада 85 теңгеге жеткізуге шарт жасалды. Ал жергілікті нарықта коммерсанттардың қойған бағасы 175 теңге болды. Нәтижесінде нарықтағы орта баға 135 теңгеге теңесті. Атап өтсем, бұл өңірлер бойынша қалыптасқан ең төменгі баға болды», — сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.

Бүгінде картоп, сәбіз, қырыққабат бағасының төмендеп жатыр, мұның бәрі «айналым схемасы» аясында алдын ала келісімшарт жасаудың нәтижесі.

Б. Сұлтанов министрліктің нарық қатысушылары белгілейтін нақты бағалар туралы халық пен бизнесті барынша ақпараттандыруды қамтамасыз етуге ниетті екенін айтты. Бұл сауда желілерінің, өндірушілердің және жеткізушілердің қаражатты тиімді пайдалануына кепілдік береді.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өндіріс пен тұтыну теңгеріміне де талдау жүргізіліп жатыр. Осы бағыттағы жұмысты ретке келтіруді үйлестіру – министрдің жеке бақылауында.

Нарықтарды тексеру

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы мамыр айында Бас прокуратура 122 базарды тексерді.

Тексеру қорытындысы бойынша бірқатар жүйелі проблема анықталды. Олар:

1) базарлар иелері мен әкімшілігінің қызметі бойынша ережелердің болмауы;

2) сауда орны үшін жоғары жалдау ставкалары (күніне 15 мың теңгеге дейін);

3) нарық әкімшілігінің қосымша қызметтер көрсету бойынша үлестес жеткізушіні тықпалауы.

Нарыққа қатысушылардың тауарлардың жасанды тапшылығын ұйымдастырып, бағамен айла-шарғы жасау жағдайлары атап өтілді.

Осы проблемаларды шешу үшін Сауда және интеграция министрлігі Бас прокуратурамен, мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп мынадай сипаттағы тиісті заңнамалық түзетулерді әзірледі:

1) нарықтың меншік иесіне сауданы ұйымдастыру үшін дербес жауапкершілік арту;

2) нарықтарға біліктілік және инфрақұрылымдық талаптарды белгілеу;

3) отандық тауар өндірушілердің сауда алаңдарына бәсекеге қабілетті және еркін қол жеткізуін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ақпарат жүйесін құру.

Бұл нормалар Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі заң жобасына енгізілді, ол қазір Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр. Оның күзгі сессия барысында қабылдануы күтілуде.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жыл соңына дейін Үкімет отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдерін ірі сауда желілеріне өткізуді қолдауға бағытталған заңнамалық бастамаларды ұсынбақ. Мәселен, олардың қатарында сөрелерге қолжетімділікті қамтамасыз ету, үстемеақылар шегін реттеу және делдалдар санын азайту жөніндегі шаралар бар.

Бұл орайда тағы бір атап өтетін жоба – «Qdata» сауда бойынша аналитикалық платформасы. Ол ішкі сауданың жай-күйін, инфрақұрылым жүктемесін, импорт/экспорттың динамикасын, тауарлар мен қызметтер бағасының өзгеруіне талдау және мониторинг жасап, мемлекеттік органдарды сапалы аналитикамен қамтамасыз етіп отырады. Сонымен қатар бизнес үшін әділ бәсекелестікті қалыптастырады. Ал тұтынушыға қолжетімді бағамен сапалы тауарларды сатып алуына мүмкіндік туады.

Бүгінде осы платформа арқасында Үкіметте өңірлер бойынша тауар қоры, өндіру және тұтыну көлемі туралы бірыңғай ақпарат көзі пайда болды. Ондағы ақпаратқа сүйеніп, нарықты жедел реттеуге, тиімді және дұрыс шешім шығаруға, тағы басқа тәуекелдерді анықтауға анықтауға болады.

«Жалпы жоспарланған шараларды жүзеге асыру азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, бағаны тұрақтандырып, түптеп келгенде азаматтардың әл-ауқатына оң әсер етеді деп күтілуде», — деді сауда және интеграция министрі.

Бұл Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сындарына қатысты жасалып жатқан жұмыстар. Сонымен қатар министрлік басқа бағыттар бойынша да жұмыс істеп жатыр. Мәселен, техникалық реттеу барысында тауардың сапасын көтеруге бағытталған техстандарттар мен сертификаттар, тұтынушы құқығын қорғау мәселесі, сыртқы нарық қатынастарын ұлғайту, оның ішінде интеграциялық процесстерде ұлттық мүддені қорғау.

Әрі қарай ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев азық-түлік қауіпсіздігі және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жеткіліктілігі туралы хабардар етті.

Биыл қажетті өнім көлемінің болуына және ішкі нарықта тапшылықтың болмауына қарамастан, қант пен көкөніс өнімдері бағасының өсуі байқалды. Көкөніс өнімдері арасында пияздың бағасы өсті. Осы орайда министр ішкі нарықта пияздың қоры жеткілікті екенін атап өтті. Мәселен, ай сайынғы қажеттілік 25,9 мың тонна болса, бүгінде пияз қоры 34,4 мың тоннаны құрайды.

Маусым айынан бастап ерте пияз жиналды. Ерте пісетін пияздың жалпы көлемі 90 мың тоннадан асады деп күтілуде, оның бүгіне 35,2 мың тоннасы жиналды. Шілде айының соңына дейін және тамыздың бірінші жартысында 50 мың тоннадан астам пияз жинау жоспарланған.

Ербол Қарашөккев соңғы уақытта пиязды шығаруға шектеу шараларын енгізу мәселесі талқыланып жатқанын, алайда министрліктің бұл мәселені қолдамайтынын атті. Сонымен қатар қазіргі уақытта министрлік Түркістан және Жамбыл облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, пияз өндірушілер мен өзге облыстар, қалалар әкімдіктері арасында келісімшарттар жасасу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кездесу қорытындысы бойынша пиязды сату бағасы 220 теңгеден 110 теңге/кг-ға дейін төмендеді.

Сондай-ақ қыркүйектен бастап күзгі пиязды жинау басталады. Оның көлемі 1 млн тоннадан астам болады деп болжануда, ол ішкі нарықтың қажеттілігін толық көлемде қамтамасыз етеді. Осылайша, пияз көлемінің жеткіліктілігін және шектеу шараларын енгізу қажеттілігінің жоқты айтылды.

Картопқа келетін болсақ, ішкі нарықтың айлық қажеттілігі 152,7 мың тоннаны құрайды. Әкімдіктердің ақпараты бойынша бүгінде картоп қоры – 124,9 мың тонна. Маусым айынан бастап ерте картоп жиналып басталды. Ерте пісетін картоптың жалпы өнімі бүгінде 270,9 мың тоннаны құрайды. Тамыздың бірінші жартысында 7,8 мың тонна жинау жоспарланған. Ерте картоп өнімінің жиналуы ішкі нарықты молықтыруға және картоп бағасының тұрақтануына ықпал етеді. Осы айдың басынан бері картоптың бағасы 5%-ға төмендеді (184 тг/кг-нан 179 тг/кг-ға дейін).

Қыркүйектен бастап күзгі картопты жинау басталады, оның көлемі 4 млн тоннадан асады, бұл ішкі нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз етеді және белгілі бір көлемді экспортқа жөнелтуге мүмкіндік береді. Қырыққабат пен сәбіз бойынша да жағдай тұрақты. Яғни, ерте қырыққабат пен сәбіз көлемі күзгі егін жинағанға дейін ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін жеткілікті. Сонымен қатар тамыздың соңғы онкүндігінен бастап көкөніс өнімдерінің күзгі өнімі нарыққа шығады деп күтілуде.

Одан кейін ауыл шаруашылығы министрі қант нарығындағы қазіргі жағдайға тоқталды.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша ішкі нарықтың өз өндірісіміз есебінен қамтамасыз етілуі 42%-ды құрады, оның 191 мың тоннасын немесе 35%-ын құрақ қант, 36 мың тоннаны немесе 7%-ын қызылша қанты құрады. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында өз өндірісі есебінен қамтамасыз етілу деңгейі бір жыл ішінде 139-дан 227 мың тоннаға дейін немесе 17%-ға өскен.

Биыл шамамен 44 мың тонна қызылша қантының және 225 мың тонна құрақ қантының өндірісі күтілуде. Осылайша, отандық өндіріс есебінен қамтамасыз ету деңгейі 49% (269 мың тонна) болады деп болжанып отыр. Қазіргі уақытта елімізде жалпы тәуліктік қуаты қант құрағы бойынша 2,4 мың тонна және қант қызылшасы бойынша 8,7 мың тонна болатын 4 қант зауыты жұмыс істейді. Бұл ретте шикізаттың жеткіліксіздігіне байланысты зауыттардың жүктемесі төмен деңгейде қалып отыр.

«Қант қызылшасы түсімінің төмендеуінің негізгі – себебі егіс алқаптарының қысқаруы. Мәселен, егер кеңестік кезеңде қант қызылшасының алаңы 85 мың га құраса, 2014 жылға қарай елдегі қант қызылшасының егіс алаңы күрт 1,2 мың гектарға дейін қысқарды. Бұл қант қызылшасын өсірумен айналысатын шаруашылықтардың ұсақ болуына, жоғары шығындылыққа, су ресурстарының тапшылығына, суару желілерінің тозуына және басқа да факторларға байланысты», — дейді министр.

Сондай-ақ басқа дақылдармен салыстырғанда қант қызылшасын өндіру тиімділігінің төмендігі байқалады. Осы себепті шаруалар үшін қант қызышасына қарағанда басқа дақылдарды өсіру пайдалы. Өзіндік құнды талдау нәтижесі субсидиясыз қант қызылшасын өндіру тиімсіз екенін, ал қант қызылшасын өндірудің тиімділігі қолданыстағы субсидиялардың арқасында ғана қамтамасыз етілетінін көрсетті.

Наурыз айынан бастап ішкі нарықтың қажеттілігі тарифтік жеңілдік аясында құрақ шикізатынан қант өндіру және ақ қант импорты есебінен қамтамасыз етілетіні белгілі.

Бүгінгі таңда қант құрағы мен ақ қантты бажсыз әкелуге бөлінген квоталар көлемінен 250 мың тонна бөлінді, оның ішінде 110,9 мың тонна шикі қант және 139,1 мың тонна ақ қантты құрады. 100 мың тонна көлемінде квотаның қалған көлемін бөлу рәсімі аяқталу сатысында. Бүгінде квота аясында сыртқы сауда қызметіне қатысушылар Қазақстан аумағына 138,3 мың тонна немесе 55,3%, оның ішінде 99,2 мың тонна шикі қант құрағы және 39,1 мың тонна ақ қант әкелді.

Квотаны бөлу қағидаларына енгізілген түзетулерге сәйкес игерілмеген квоталарды қайта қайтару бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Мәселен, алдын ала деректер бойынша күші жойылған квотаның көлемі 27 мың тонна шамасында, оны кейіннен құрамында қант бар өнімдерді өндірушілер арасында бөлу жоспарланып отыр. Бұл бір мезгілде құрамында қант бар өнімдердің бағасын тұрақтандыруға, сондай-ақ қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін төмендетпеуге мүмкіндік береді. Бұл мәселе Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның таяудағы отырысына шығарылатын болады. Осылайша, 4 ай ішінде бөлінген квотадан:

– трейдерлер 71,4 мың тонна қанттың 23,9 мың тоннасын немесе 33,5%-ын игерді;

– қант зауыттары 110,9 мың тонна құрақ шикізатынан 99 мың тонна немесе 89% игерді;

– индустриялық тұтынушылар 48,7 мың тонна қанттың 17 мың тоннасын немесе 35%-ын игерді;

– Азық-түлік келісім шарт корпорациясы 19 мың тонна қанттың 5,5 мың тоннасын немесе 29%-ын игерді.

Квотаны ұзақ игерудің негізгі себептері:

– Бразилияның қант зауыттарының қантты тек алдын ала төлеу арқылы және үлкен көлемде сатуы;

– алдын ала төлем жасау кезіндегі үлкен тәуекелдерге байланысты трансұлттық компанияларды қосу қажеттілігі;

– әлемдік нарықта Louis Dreyfus Company және басқалары сияқты ірі трансұлттық компаниялардың қант сатуы.

Бұдан басқа, трансұлттық компаниялар Бразилиядан қантты 60 мың тоннадан сатып алып, Қара теңіз порттарына апарады. Содан кейін ғана Қара теңіз порттарынан ТМД елдеріне қантты аз көлемде жеткізу жүзеге асырылады.

«Сондай-ақ квотаны ұзақ игерудің негізгі себептерінің бірі – көрші елдердегі геосаяси жағдайға байланысты туындаған логистикалық проблемалар. Егер бұрын Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасынан импорт кезінде ақ қантты жеткізу мерзімі 4-10 күнтізбелік күнге дейін болса, қазіргі уақытта Ресей Федерациясы қантты әкетуге тыйым салу шараларын қабылдағаннан кейін үшінші елдерден қантты жеткізу мерзімі 90 күнге жетеді», — деді Ербол Қарашөкеев.

Қазіргі уақытта қант пен шикізат импорты әлемдегі ең ірі өндірушілер болып табылатын Бразилиядан мен Үндістаннан жүзеге асырылады. Олардың өндіріс көлемі шамамен 800 млн тоннаны немесе әлемдік нарықтың шамамен 60%-ын құрайды.

Бразилиядан қант пен құрақ шикізатының импорты Қара теңіздегі Грузия порттары арқылы жүзеге асырылады. Грузия порттарының өткізу қабілетінің шектеулілігі, инфрақұрылым мен көлік кемелерінің жеткіліксіздігі кептеліске әкеліп соқтыруда. Үндістаннан қант импорты кезінде Хайратон Ауған шекара өткелінде жүктердің жиналуы байқалады, бұл тауарларды ресімдеу мен тиеу рәсімдерінің созылуына әкеледі. Осылайша, бұрын орныққан барлық логистикалық байланыстар бұзылған, бұл логистиканың және Қазақстанға қант пен шикізатты жеткізу мерзімдерінің ұзаруына әкеп соқты.

Қалыптасқан жағдай қант бағасының өсуіне әкелді. Осылайша, қант шикізаты құнының, көлік шығындарының, сондай-ақ өңдеу шығындарының қымбаттауы байқалады. Мысалы, қант құрағының құны шамамен $476-ны құрайды, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Логистика шығындары $110-нан $290-ға дейін 2,6 есе өсті. Аталған фактілер отандық қант зауыттарында құрақ қантының өзіндік құнының қымбаттауына алып келді.

«Бүгінгі таңда зауыттар 1 килограмм қантты 450 теңгеге сатады. Бұл ретте 15% көтерме және бөлшек сауда үстемелерін ескере отырып, қант құны шамамен 595-600 теңге/кг құрауы қажет», — деді министр.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, бағаларды тұрақтандыру жөніндегі шаралар аясында өңірлердің тұрақтандыру қорлары қантты төмен бағамен сатуды жүзеге асырады. Бұл дүрбелең мен үлкен сұранысқа әкеледі. Жекеленген әкімдіктер қантты өзіндік құнынан төмен бағамен сатуы да орын алған. Мысалы, Павлодар облысы тұрақтандыру қоры қантты 448 теңгеге сатып алып, 416 теңгеге, ал Қызылорда облысы 450 теңгеге сатып алып, 370 теңгеден қант сатқан. Алматы облысы қантты 276 тг/кг, Ақтөбе облысы 363 тг/кг, Маңғыстау облысы 400 тг/кг сатқан.

Әкімдіктер тарапынан осы іс-әрекеттер дүрлікпе сұраныс пен әлеуметтік шиеленістің туындауына әкеп соқтыруда. Бұл ретте министр ішкі нарықта нарықтық экономика жағдайында сатылатын коммерциялық қанттың жеткілікті көлемі бар екенін айтты.

Жалпы республика бойынша қант балансы оң сальдоны көрсетеді. Биылғы қаңтар айынан бастап отандық қант зауыттары 120 мың тонна құрақ шикізатынан алынған қант өндірді, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 19%-ға артық. Шілде айының басында республикадағы қант қоры 27,8 мың тоннаны құрады, айдың соңына дейін 37 мың тонна қант өндіріледі деп болжануда. Квота аясында импорт көлемі 33,3 мың тоннаны құрайды. Осылайша, 69,8 мың тонна қажеттілік кезінде ішкі нарықтағы қанттың жалпы қоры 98,1 мың тоннаны, нарықтың қамтамасыз етілуі шамамен 140%-ды құрайды.

«Тамыз айындағы қант теңгеріміне келетін болсақ, болжамды қажеттілік 69,8 мың тоннаны құрайды, бұл тұтынудың ең жоғары көлемі. Тамыз айының басында республика бойынша қанттың қоры 35,1 мың тонна, ақ қант импорты 42,2 мың тонна деңгейінде күтілуде. Қант зауыттарының деректері бойынша шамамен 41 мың тонна қант өндіру жоспарланып отыр. Әкімдіктер қорларын ескере отырып, республика бойынша қанттың жалпы қоры 118 мың тоннаны, нарықтың қамтамасыз етілу деңгейі 169%-ды құрайды», — деді министр.

Сөз соңында министр ауыл шаруашылығы жануарларын экспорттауға шектеу шараларын ұзарту мәселесіне тоқталды.

Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі ірі және ұсақ мал экспортына квота енгізуді ұсынған болатын. Статистика деректері бойынша биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша ірі қара мал басы 9,9 млн құрайды, оның ішінде сиырлар 4,5 млн, биылғы төлдер 3,1 млн бас, қалған 2,3 млн бас мал басын өндіруші бұқалар, құнажындар, қашарлар мен бұқашықтар құрайды.

Сонымен қатар, бүгінде 12 айдан 2 жасқа дейін бұқашықтар саны 675 мың басты, еркек тоқтылар 1,1 млн басты құрайды.

Фермерлердің табыстарын арттыру және оларға қолдау көрсету мақсатында бұқашықтар экспортына 30 мың бас мөлшерінде квота белгілеу ұсынылды, бұл бұқашықтар санының бар-жоғы 4,4%-ын құрайды. Ал қошқарларға 60 мың бас квота енгізу ұсынылды, бұл қой басының небары 5%-ын құрайды. Бұқашықтар мен еркек тоқтылардың қалған 95% ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуге және ет өңдеу кәсіпорындарын жүктеу үшін жеткілікті.

Алайда Сыртқы сауда саясаты жөніндегі ведомствоаралық кеңесте Ауыл шаруашылығы министрлігінің ірі және ұсақ мал экспортын квоталау жөніндегі ұсынысы қолдау таппай, экспортқа тыйым салуды ұзарту туралы шешім қабылданды.

«Сөзімді қорытындылай келе, ішкі нарықта азық-түлік тауарлары тапшылығының жоқтығын және халықтың қажеттілігін жабу үшін қажетті азық-түлік қорларының бар екенін тағы да атап өткім келеді. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі Министрліктің тұрақты бақылауында», — деді ауыл шаруашлығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Әрі қарай министрлер журналистердің сұрақтарына жауап берді. Мәселен, сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов гигиена бұйымдарының бағасына қатысты болжамын айтты.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналист министрден: «Кей сарапшылар Қазақстанда тұрмыстық химия мен гигиена бұйымдарының қымбаттап, жетістпейтінін айтып отыр. Осындай тапшылыққа тап келіп отырмыз ба? Оның алдын алу үшін не істеліп жатыр?», — деп сұрады.

«Сіз айтып отырған сараптама зерттеулері түрлі сипатта болуы мүмкін. Жалпы айтсақ, қазіргі таңда логистика өзгеріп жатыр. Мұның тек азық-түлік тауарына ғана емес, тұтыну тауарына да қатысы бар. Бірақ гигена бұйымдарына байланысты қандай да бір проблема көріп тұрған жоқпыз», — деді Бақыт Сұлтанов БАҚ өкілінің сұрағына берген жауабында.

Оның айтуынша, аталған тауардың негізгі бөлігі сырттан алынатындықтан, теңгерім сақтау дейтін мәселе жоқ көрінеді.

«Мысалы, қантқа қатысты жағдайда бізге өзіміздің өндірушілердің ұсынысы мен импорттың арасында теңгерім сақтау керек еді. Ал гигиена заттары негізінен сырттан әкелінеді. Ол каналдарды ерте бастан қайта қарадық, жеткізу географиясы өзгеріп үлгерген. Бұл жерде біз тапшылыққа әкелетіндей қандай да бір проблема көріп отырған жоқпыз», — деді Бақыт Сұлтанов.

Сондай-ақ сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, дәл қазір Қазақстанда еттің қымбаттауына негіз жоқ.

«Негізі мал шаруашылығымен айналысатын тауар өндірушілермен, фермерлік қожалық басшыларымен кездескенде бәрі бір проблеманы айтады. Еттің сатып алу бағасы өте төмен. Орташа алғанда, тірі салмақтағы еттің бір келісі 700-800 теңгеден аспайды деп отыр. Сол себепті мал шаруашылықтарының негізгі проблемасы – бастапқы сатып алу бағасы өте төмен болуында. Бағаның әрі қарай қалыптасуы сауда жүйелеріне байланысты. Баға сол жақта өсіп жатыр. Қазіргі таңда бізде еттің бағасы негізінен тұрақты. Биыл ет өндіру көлемінде де, мал басында да өсім бар. Сол себепті тәуекел жоқ деп есептейміз», — деді министр орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Бұл уәжді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов та қуаттады.

«Ет бағасының өсуіне ешқандай негіз жоқ. Делдалдар туралы айтып отырсыз, бүгінгі таңда тауар өндіруші фермерлерден еттің бағасы орташа есеппен 900 теңгеден алынады. Әрі қарай нарыққа жеткенше монополиялар, басқа да делдалдар,олигополиялар арқылы баға өсіп кетеді. Бұл жағынан біз жұмыс істеп жатырмыз. Базар иелерінің, әкімшілерінің жауапкершілігін арттыру бағытында заңнамалық өзгерістер енгізіп жатырмыз. Сондай-ақ, жергілікті органдармен бірлесіп, кішігірім сауда обьектілерінде үстеме бағаны 15 пайыздан асырмау туралы бағытында тиісті шаралар жүргізіліп жатыр. Үйдің қасындағы шағын дүкендердің тиісті жауапкершілігін арттыру үшін қосымша шаралар енгізіледі», —  деді вице-премьер.

Сондай-ақ Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингіде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қантты қаншалықты жиі қолданатынын айтты.

«Жалпы “қант жоқ” деп айта беруге болмайды. “Халва, халва” дегеннен аузыңа тәтті дәм келмейді” деген сөз бар ғой. Сол сияқты “жоқ-жоқ” деген сайын халық сеніп, дүрбелең туады. Өз басым жуықта ғана ірі сауда желісіне барып, бір келі қантты 470 теңгеге сатып алдым. Ол кезде сондай баға болған. Қазіргі ақпарат бойынша баға 480 теңге болыпты. Оны көріп-біліп отырмын. Мен өзім шай ішкенде қант қолданбаймын, балмен ішем», — деді Бақыт Сұлтанов.

Ал Ербол Қарашөкеевке одан сәл қымбат қант бұйырған көрінеді.

«Соңғы рет қанттың келісін үлкен бір сауда жүйесінен 620 теңгенің көлемінде сатып алдық. Ал 1 000 теңгеден үйлердің астындағы шағын дүкендерде сатылып жатыр. Олар көтерме бағамен сатып ала алмайды. Сондықтан екінші, үшінші қолдан алып, осындай бағамен жатыр. Сонда соңғы рет қантты 620 теңгеден сатып алдым. Шайды қантсыз ішемін», — деді ауыл шаруашылығы министрі.

Сонымен қатар ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысының өздеріне сөгіс жариялауы орынды болғанын айтты.

«Бұған дейін де Президенттің мәселені өте әділ көтергенін айтқанмын. Айтылған сын өте дұрыс. Қазір сол тұрғыда жұмыс істеп жатырмыз. Қызметіміздің тиімділігін арттыру жөнінде міндет қойылды. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге шараларды пысықтадық. Оның нәтиежесін сіздерге де, Мемлекет басшысына да баяндап отырамыз», — деді Бақыт Сұлтанов орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингте БАҚ өкілдерінің сауалына берген жауабында.

Ербол Қарашөкеев те Президенттің сынынан сабақ алып жатқанын айтты.

«Мемлекет басшысының айтқан сыны әділ болды. Жұмысымызда олқылықтар болғанын білеміз. Баяндамамда қант нарығындағы дүрбелеңге обьективті де, субьективті де факторлар әсер еткенін айттым. Қазір ахуалды түзетіп, жұмысымыздың тиімділігін арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз», — деді министр.

Advertisements