АРЫСТА ЗАҒИПТАР АРАСЫНДА САЙЫС ӨТТІ

223
Биыл «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 85 жыл толып отыр. Осыған орай, Арыс қаласында орналасқан «Тең қоғам» әлеуметтік орталығында зағип жандар арасында спорттың 4 түрінен ауданарылық жарыс өтті. Байқауға Арыс қаласынан өзге аудандардан келген 20-ға жуық өнерпаз қатысты.
Шараға Түркістан облысының Зағиптар қоғамының төрағасы Нұрғали Алтынбеков, Арыс қалалық «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» бөлімі басшысы Әлмаханбет Әділбеков қатысып, жазмыштың жазуымен жанарынан айрылса да, бойға біткен таланты мен өнерін паш етпекке ұмтылған зағип жандарды мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Бұл қоғамдық бірлестіктің ең басты мақсаты – оған мүше адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, зағиптар мен нашар көретін жандарға барынша қолдау көрсету болып табылады. Сіздер қоғамдық ортада өздеріңізді тең ұстау үшін мемлекет тарапына үлкен қолдау жасалуда. Бұл жұмыстар әрқашан жалғасын табатын болады, – деді Әлмаханбет Нұрмағанбетұлы.
Шара аясында дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ, қол күресі сынды спорттың 4 түрінен мықтылар анықталды. Жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте ІІІ орынды Ордабасы мен Отырар ауданы, ІІ-ші орын Бәйдібек ауданы, ал І орынды Арыс қаласының спортшылары жеңіп алды.
Барлық жеңімпаздар мен қатысушылар алғыс хаттармен марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды.
Advertisements