МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ: ЖАҢА КЕЗЕҢДЕГІ МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ
Мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімге негізделген мемлекеттік басқарудың «адамға бағдарланған» моделін қалыптастыру үрдісі мемлекеттік міндеттерді қоғам күтетін талап-тілектерге сәйкес жүзеге асыруға қажет негізгі құндылықтар мен қағидаттарды қайта қарауды өзектендірді.
Еліміздегі мемлекеттік басқарудың жаңа мәдениеті «Ең алдымен адамдар» қағидатына негізделеді. Мұндағы басымдықтардың бірі – мемлекеттік қызметтің барынша үйлесімді үлгісіне көшу. Бүгінде Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметті жаңғырту тапсырмасын жүзеге асыру аясында 4 заң қабылданып, бірқатар заңға тәуелді актілер дайындалды. Енді мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар күшейтіледі. Мемлекеттік қызметті заман талабына сай түбегейлі жаңғырту тек құқықтық-нормативтік құжаттарға өзгертулер енгізумен шектелмейді. Мұндағы басты міндеттің бірі – мемлекеттік қызметшінің кәсіби-тұлғалық болмысын жетілдіру. Ол үшін мемлекеттік қызметшіге саналы тұрғыда өзгеріс қажет. Бұл ниет қалаулары мен ұстанымдық қағидаттарын өзгерту талабын тудырады. Алда осы арнадағы жұмысты жандандыруды көздеп отырмыз.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда: «Халқымыздың сана-сезімі, құндылықтары түбегейлі жаңаруы керек. Сонда ұлттың жаңа сапасы қалыптасады. Бір сөзбен айтқанда, барша еліміз жаңарады», деп саналы өзгеріске деген қажеттіліктің пісіп-жетілгенін айтқан болатын.
Өкінішке қарай, бүгінде мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінен өзге, олардың қоғамдағы болмысы мен тұлғасына қатысты саналы жаңғыруға бағытталған бірде-бір құжат жоқ. Сондықтан еліміздегі мемлекеттік қызметшілердің саналы тұрғыдан жаңғыруына ықпал ететін, олардың ұстанымдары мен құндылықтарын жүйелейтін арнайы Доктрина жобасын дайындауды қолға алдық. Онда мемлекеттік қызметшілердің қоғамның сұранысына жауап бере алатын мақсатты дағдылары, құндылықтық ұстанымдары топтастырылды. Бұл құжат мемлекеттік қызметшілердің саналы, рухани-адамгершілік тұрғыдан өзгеруіне түрткі болуға бағытталып, олардың мемлекеттік басқару жүйесіндегі қызметін сапалы түрде кәсібилендіруді көздейді.
Дархан ЖАЗЫҚБАЕВ,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы