СУ ТАСҚЫНЫМЕН КҮРЕС ЖҰМЫСТАРЫ ТОҚТАМАЙДЫ

90

Түркістан облысында нөсер жауынның соңы су тасқынына ұласқан табиғи сипаттағы жағдай қалпына келе бастады. Қауіп сейілді, дегенмен алдын алу жұмыстары жалғасады. Бұл туралы Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев мәлім етті.

– Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, жыл басынан бері төтенше жағдайға жауапты органдар мен күштер алдын ала дайындалып, қауіп жоғары аймақтары анықталып, оларға қатысты тиісті шаралар қабылданды. Аудан, облыс басшыларының ерте қолға алған жұмыстарының арқасында су басу қаупі төмендеді. Жұмыс әлі де жалғасуда, қазіргі уақытта суды бұру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 200-ге жуық аула судан босатылды. Жалпы 85 аула аумағынан 200 текше метр су сорып шығарылды. Облыстық жедел штаб жұмыс істеуде. Облыс базасында жедел желі телефоны ашылған, – деді Ерік Темірханұлы.

Спикердің мәліметінше, Ордабасы ауданындағы елдімекенде су сорылған. Қазіргі уақытта инертті материалдары бар 15 мың данаға жуық қап салынған. Сондай-ақ Арыс қаласында – 4, Бөген өзенінде – 1, Түркістан облысы аумағындағы Сырдарияда – 4 гидрологиялық бекет жұмыс істеуде.

Брифингте Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары су тасқыны бойынша шығын көлемін анықтау үшін Сауран ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жариялануы мүмкін екенін алға тартты.

– Бұл ұсыныс қазіргі таңда зерделеніп жатыр. Сауран ауданының эвакуацияланған тұрғындары үйлеріне оралуда. Қазіргі уақытта барлық эвакуацияланған 204 азамат, оның ішінде Кентау қ., Қарнақ а. – 11, Сауран – 187 (оның 111-і балалар), Бәйдібектен 6 адам үйлеріне оралды. Келтірілген залалды бағалау бойынша облыс әкімдігі тарапынан комиссиялық аралау ұйымдастырылған. Алдағы уақытта ол нақтыланады, – деді ол.

Ерік Темірханұлының айтуынша, «Қазгидромет» РМК деректері бойынша өңірдегі өзен-көлдердің арнасынан аспауын қыс басталғалы сала мамандары тәулік бойы бақылауға алған. Дей тұрғанмен, су тасқынын дөп басып ешкім де айта алмайды. Бастысы, кез келген жағдайға сақадай сай болған абзал. Қазір нөсер жауыннан зардап шеккен ауылдардағы аулалар судан тазартылып жатыр. Аққан су су арналарына бағытталып, құм салынған қаптарды төсеу және су бұру, арналарын тазарту жұмыстары қызу жүргізілуде.

Нет описания фото.

Advertisements