ЖҰМЫСШЫ ТОП ӨКІЛДЕРІ КЕЗЕКТІ РЕЙДТІК ШАРА ӨТКІЗДІ

2
Қала әкімі Қайсар Маңқараевтың өкіміне сәйкес, заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтардың алдын алу және санитарлық-тазалық шараларын күшейту мақсатында арнайы жұмысшы топ құрылған болатын. Аталған топ кезекті рет қаланың бірқатар аумақтарында рейдтік іс-шаралар өткізді.
Жұмысшы топтың құрамына тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, сәулет, құрылыс, кірістер басқармасы, жер қатынастары және кәсіпкерлік, т.с.с бөлім өкілдері кірді. Топ мүшелері тарапынан кәсіпкерлік субъектілеріне және тұрғындарға заң талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Атап айтқанда, сауда нысандарында POS-терминалдардың болуы, электронды төлем жүйелерін қолдану, QR-код арқылы төлем қабылдау, сондай-ақ салық есептілігін дұрыс жүргізу сынды талаптар ескертілді. Сонымен қатар, алкоголь өнімдерін сату үшін арнайы лицензияның болуы, кәсіпкерлікті мемлекеттік тіркеу, чек беру міндеттемесі сияқты маңызды нормалар ескертілді.
Жұмысшы топ өкілдері қолма-қол төлем талап етудің заңсыз екенін, төлемдерді жеке банк шоттарына немесе Kaspi, QR арқылы жеке тұлғалар атына қабылдау – салықтан жалтару болып саналатынын және бұл үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын қатаң ескертті.
Бұдан бөлек, ғимараттардың сыртқы қасбеті мен іргелес аумақтарының күтімі, санитарлық талаптарға сай болуы да тексерілді. Рейд барысында қоғамдық орындарды ластаған, атап айтқанда қоқыс, құрылыс қалдықтары немесе мал қалдықтарын рұқсатсыз төккен тұлғаларға әкімшілік айыппұлдар салынды.
Қала әкімдігі заң талаптарын сақтау – әрбір азаматтың және кәсіпкердің ортақ міндеті екенін еске салады. Арнайы жұмысшы топтың бұл бағыттағы жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады.
Advertisements