ТҮРКІСТАН: АРЫС ҚАЛАСЫНДА ЖАЛПЫҚАЛАЛЫҚ СЕНБІЛІК ӨТТІ

Бүгін Арыс қаласында кезекті жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен мекеме ұжымдары тазалық пен тәртіпті сақтау жолында бірлесе еңбек етті. «Таза Қазқстан» шарасы аясында өткен бұл жолғы сенбілік қала орталығында өтті. Игі бастамаға қаламыздағы мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар, білім беру ұйымдары мен түрлі еңбек ұжымдары белсенді атсалысты.
Сенбілік барысында жол жиектеріндегі арамшөптер орылып, көшелер мен қоғамдық орындардағы қоқыстар арнайы қаптарға жиналып, тиісті орындарға жеткізілді. Қала аумағында тазалық жұмыстары қызу жүріп, шаһардың көркіне көрік қосты.
Қала әкімі Қайсар Маңқараев сенбілік барысын өзі аралап көріп, тазалық шарасына үлес қосқан азаматтарға ризашылығын білдірді. Ол қала тұрғындарын осындай игі істерге ұдайы қатысуға шақырып, ортақ мекенімізді таза ұстау – әрбір азаматтың борышы екенін атап өтті.
Сенбілікке көпқабатты тұрғын үй аулалары да белсенділікпен қатысты. Әсіресе, Әбдіразақов көшесіндегі №49 үйдің тұрғындары әдеттегідей үлгі көрсетті. Олар үй ауласын, ойын алаңдарын тазалап, қоршаған ортаға жанашырлық танытты.
Сондай-ақ қалалық сәулет және жер қатынастары бөлімдерінің қызметкерлері өз аумақтарына тазалық жүргізіп қана қоймай, кәсіпкерлік нысандардың иелеріне абаттандыру талаптарын түсіндіріп, ғимарат маңында тұрақты тазалық сақтаудың маңыздылығын жеткізді.
Қала әкімдігі сенбілікке белсене қатысқан барлық азаматтарға алғыс білдіре отырып, өзге тұрғындарды да қоршаған ортаға бейжай қарамай, үй іргелерін таза ұстауға, туған қаламызды көркейтуге үлес қосуға шақырады.