Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!

45

Бүгінгі таңда еліміздің болашағына, мемлекеттің тұрақты дамуына және қоғамның әділеттілігіне төнетін ең үлкен қауіптердің бірі – сыбайлас жемқорлық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында бұл кеселге қарсы ымырасыз күрес жүргізу қажеттігін бірнеше мәрте атап өткен болатын. Біз де осы бағытта нақты әрекеттер жасап, әділетті Қазақстанды құру жолында аянбай еңбек етуіміз керек.

Сыбайлас жемқорлық – тек заң бұзушылық емес, ол халықтың мемлекетке деген сенімін жояды, әлеуметтік әділеттілікті бұзады, жастардың болашағына балта шабады. Сондықтан бұл індетпен күресу – әрбір азаматтың, әрбір мемлекеттік қызметшінің абыройлы міндеті.

Арыс қаласында біз бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарудамыз. Мемлекеттік қызметтердің ашық әрі қолжетімді болуын қамтамасыз ету – басты басымдықтарымыздың бірі. Қала әкімдігі тарапынан барлық құжат айналымы цифрландырылып, “Ашық әкімдік” қағидаты енгізілді. Бұл – тұрғындар мен билік арасындағы сенімді нығайтып, ашықтық пен есептілікті арттырады.

Сонымен қатар, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында білім беру ұйымдарында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, жастармен, қоғам белсенділерімен кездесулер ұйымдастырылуда. Себебі, бұл күрес тек жазалаумен емес, ең алдымен сананы өзгерту, адалдық пен әділеттілікті өмірлік қағида ету арқылы ғана нәтижелі болмақ.

Мен, Арыс қаласының әкімі ретінде, өз атымнан барлық әріптестерімді, қала тұрғындарын адалдық пен әділет жолында бірге болуға шақырамын. Біз тек таза қоғам құра алсақ қана ұрпағымызға жарқын болашақ қалдырамыз.

Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ – бұл ұран емес, бұл – өмірлік ұстаным болуы тиіс!
Адал еңбек – жарқын болашақтың кепілі.

Қайсар Маңқараев,
Арыс қаласының әкімі

 

Advertisements