ТҮРКІТІЛДЕС ЕЛДЕРДЕН КЕЛГЕН ДЕЛЕГАЦИЯ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІН НАСИХАТТАУДЫ БАСТАДЫ

85
Түркістан облысына түркітілдес мемлекеттердің БАҚ өкілдері, қоғамдық пікір көшбасшылары, туризм сарапшылары және әлеуметтік желі белсенділері арнайы келіп, ақпараттық турды киелі шаһардан бастады. Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және туризм басқармасы, сондай-ақ «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен өңірдің туристік әлеуетін насихаттау жұмыстары жалғасуда.
Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және еліміздің өзге де өңірлерінен келген делегация өкілдері Этноауыл кешенін аралап, түрлі заттардан жасалған қазақтың қолөнер бұйымдарымен танысты. Мұнан соң Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат жасады. Топ құрамындағы бауырлас азаматтардың кейбірі Түркістанға алғаш рет саяхаттаса, енді бірі соңғы рет қалада 8 жыл бұрын болғанын айтады. Ақпараттық тур барысында Түркістандағы өзгерістер мен қаланың қазіргі келбетіне оң бағалар беріліп, қонақтар тарихи орындар туралы деректерді тыңдалды. Көне ғасырдың қайталанбас ғажайып мұраларын қаз қалпында сақтай отыра, Түркістанның жаңа тынысы ашылғаны барша түркі жұртына қуаныш сыйлайтыны сөз болды.
Отырар ауданына жол тартқан топ өкілдері Арыстан баб кесенесіне табан тіреп, ұлы тұлға рухына тағзым етті. Әрі қарай ежелгі Отырар қалашығында көне ғасырға тап болғандай күй кешкендерін айтты. Бұл жерде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары мен зерттеулер жайында ақпараттар берілді. Тек қазақ халқының ғана емес күллі түркі жұртына ортақ тарихына шолу жасалып, гид-экскурсоводпен толғамды пікір алмасулар жүргізілді.
Ақпараттық тур өкілдері Түркістан қаласына оралып, «Түркістан дауысы – 2023» республикалық жас орындаушылар байқауына қатысты. Шарада қатысушылар мен эстрада жұлдыздарының өнерін тамашалап, талант иелеріне қолдау білдірді. Мұнан соң «Сандық» мейрамханасында ұлттық мәзірдегі ерекше тағамдардан дәм татып, домбырада шертілген күйлерге таңданды. «Керуен сарай» туристік кешенінде театрландырылған «Қыз Жібек» қойылымы мен субұрқақтар шоуын көріп, 8D форматындағы «Алтын самұрық» ұшатын театрында Қазақстанға виртуалды саяхат жасады.
Осылайша ақпараттық турдың бірінші күнін қорытындылап, тамаша әсерге бөленгендерін жеткізді. Жалпы 14 өкіл өздерінің медиа алаңдарында Түркістан облысының туристік әлеуетін насихаттауды бастап кетті. Келесі күні Сауран қалашығы, Ақмешіт үңгірі мен Қасқасудағы туристік нысандарға баруы жоспарлануда.
Нет описания фото.
Advertisements