ШЫМКЕНТ: «Көрме» орталығында «Шымкент өнімдері» көрмесі өтті

351

Шымкент қаласының «Көрме» орталығында «Шымкент өнімдері» көрмесі басталды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған бұл көрме 17-19 қараша күндері аралығында өтеді. Іс-шара – жергілікті тауар өндірушілерін қолдау, оларды халыққа кеңінен таныстыру және тауарлардың өткізу нарығын кеңейту мүмкіндіктерін қарастыруды мақсат тұтады.
Көрме экспозициясы құрылыс индустриясы, машина жасау, мұнай-химия, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өндірісі, текстиль өнеркәсібі, фармацевтика, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, тағы басқа салалар бойынша 100-ге жуық кәсіпорындар өнімдерімен ұсынылды.
Көрменің ашылу рәсіміне Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, жергілікті кәсіпорындар шығаратын өнім түрлерімен танысты, кәсіпкерлерге сәттілік тіледі.
Экономиканы әртараптандыру, өндірілетін тауарлардың түрлерін көбейтіп, экспорт географиясы кеңейту жұмыстарының нәтижесінде Шымкент ірі өндірістік орталық ретінде қалыптасқанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтіп, 24 миллиард долларға жеткізу, еңбек өнімділігін 30 пайызға арттыру жөнінде тапсырма берді. Қаламыздың өнеркәсіп көлемі жыл соңына дейін 711 млрд. теңгеден асады. Өзімізде өндірілген өнімнің 87 пайызын өңдеу өнеркәсібі құрайды. 87 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 41,6 пайызға жетті.
Ендігі міндет – тауарларымыздың танымалдылығын арттыру. Өнімдеріміздің өткізу нарығын қалыптастыру. Шымкентте шығарылған өнім деп әрқашан мақтанышпен айтып жүретін дәрежеге жетуіміз қажет. Тауар өндірушілеріміздің жұмыстарына табыстар тілеймін!»,-деді қала әкімі.
Шымкент қаласы отандық нарықта жекелеген өнімдердің негізгі жеткізушісі болып табылады. Цемент өндірісі, мотор майлары, кілем, аяқ киім, тұрмыстық бұйымдар өнімдері, фармацевтика, азық-түлік өндірісі жөнінен ішкі нарық пен отандық экспорттық әлеуетті арттыруда. Жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындар отандық нарықтың 21 пайызын қамтуда.
Қала экономикасын әртараптандыру, ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеу кәсіпорындарының үлесін арттыру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша кешенді жұмыстар қолға алынып, нәтижесін беруде.
Шымкенттік өнімдер көрмесі санитарлық талаптар сақтала отырып өткізілді. Оған қатысушылар “Ashyq” жүйесі арқылы тіркеліп, мәртебесі айқындалды.
Advertisements