АРЫСТЫҚТАР ЧЕМПИОНДАРДЫ СӘН-САЛТАНАТПЕН КҮТІП АЛДЫ
Бүгін Қостанай қаласында өткен ММА аралас жауынгерлік жекпе-жек спортынан жасөпірімдер арасында ел біріншілігінде көк байрақты көкке көтерген споршыларымыз Арысқа оралды.
Чемпиондарды қала әкімінің кеңесшісі Гүлнәр Бертайқызы мен қала белсенділері Дендросаябақ маңынан сән-салтанатпен күтіп алды.
Саябақ маңы бұл уақытта той-думанға ұласты десек қателеспейміз. Қуаныш үстінде шашу да шашылып, бата да берілді. Қала намысын ту еткен чемпиондар құрметіне қалалық мәдениет үйінің қызметкерлері қошемет көрсетіп спортшыларға өлең жолдарын арнады. Ал жиынға қатысқандар чемпион қыздармен естелік суретке түсті.
Арыстың атын алты Алашқа асқақтатқан өрендерге қала әкімінің кеңесшісі Гүлнәр Бертайқызы алғысын жеткізді.
«Арыстық спортшылардың шеберлігі мен кәсіби деңгейі қала мерейінің үстем болуына айрықша ықпал етуде.
Спортшыларымыз келешекте де қала намысын биікке көтереді деген сенімдемін. Қала әкімі атынан, барша арыстықтар атынан сіздерге алғысымды білдіремін», – деді Гүлнәр Бертайқызы.
Айта кетейік, республика бойынша 200-ден астам спортшы қатысқан жарыста жерлестеріміз 3 алтын, 1 қола медаль олжалады. Олар: Аяжан Ергентай мен Аяулы Әубәкір Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы Әбу-Дабиде өтетін Әлем чемпионатына жолдама ұтып алды.
Сонымен қатар, бұған дейін арыстық спортшы қыздарымыз Өзбекстан республикасында 26-30 мамырда өткен әмбебап жекпе-жектен Әлем чемпионатында 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медальді қанжығаға байлады.