Қазақстан халқының 92,43%-ы цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратумен қамтылған

277

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында елдегі бұқаралық ақпарат құралдарын дамытудың негізгі тәсілдері туралы мәселе қаралды. ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров баяндама жасады.

Министрдің айтуынша, қазіргі кезде отандық медиа индустрия белсенді түрде және сапалы дамып келе жатыр. Мәселен, бүгінгі таңда елімізде 5 мыңнан астам БАҚ тіркелген және жыл сайын олардың қатары көбейіп келеді.

«Бұқаралық ақпарат құралдарының санымен бірге таралу аумағы, белгілі бір этнос тұратын жерде ғана емес, бүкіл республикаға таралатын басылым тілдерінің әртүрлілігі кеңейіп келеді», — деді А. Омаров.

Бұл ретте, оның айтуынша, ҚР «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңына сәйкес бұқаралық ақпарат құралының өнімін шығаруды немесе таратуды тоқтата тұру не тоқтату меншік иесінің немесе соттың шешімі бойынша мүмкін болады. Заңның бұл тармағы БАҚ-тың институционалдық қорғалуының айтарлықтай жоғары дәрежесін көрсетеді.

Соңғы 5 жылда мемлекеттің қолдауымен 3 500-ден астам сериядан тұратын 250-ге жуық сериал түсірілді. Олардың 50-ден астамы Сингапур, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және т.б. елдерге сатылды.

«Бұдан басқа, мемлекеттік телеарналар әлеуметтік желілерде ақпаратты ілгерілету бойынша белсенді түрде жұмыс жүргізіп жатыр. Мәселен, бүгінде «Хабар» және «Қазақстан» телеарналарының YouTube арнасы миллионнан астам жазылушысы бар аудитория болған жағдайда берілетін «алтын батырма» марапатының иегерлері болып табылады», — деді А. Омаров.

Қазақстандықтардың сенімі мен ақпаратты тұтынудың неғұрлым танымал алаңдарына келетін болсақ, мына статистиканы келтіруге болады:

Internews in Kazakhstan деректеріне сай, қазақстандықтар теледидарға барынша сенеді (58,1%), екінші орында – интернет-сайттар (34,3%). Сондай-ақ халықтың жартысынан көбі мемлекеттік медиаға сенеді (51,4 %), тек 9,6%-ы жеке адамдарға сенеді.

Жалпы, министрдің сөзінше, Президент Қ. Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін дамыту және арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. 2020 жылдан бастап ақпарат саласын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған ұлттық жоспарын іске асыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл жоспар мемлекет пен медиа саласының жүйелі шешімдерін талап ететін БАҚ саласындағы өзекті мәселелерді шешу мақсатында әзірленді.

Министрдің айтуынша, 2021 жылдың қорытындысы бойынша мынадай іс-шаралар өткізілді:

1) мемлекеттік баспа БАҚ-ты қайта ұйымдастыру және оңтайландыру бойынша жұмыс жүргізілді;

2) жыл сайын «Тұмар», «Үркер», «Astana Media Week» ұлттық сыйлықтары өткізіледі;

3) медиа саласының қызметкерлері үшін біліктілікті арттыру курстары өткізілді;

4) халықтың БАҚ-та мемлекеттік саясатты жария етуге қанағаттану деңгейін айқындайтын әлеуметтік зерттеулер, сондай-ақ маркетингтік зерттеулер жүргізілді;

5) БАҚ саласында бірқатар заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер әзірленді және бекітілді.

«ҚР “Телерадио хабарларын тарату туралы” заңына түзетулер енгізілді, оның аясында жергілікті атқарушы органдардың «сұр тәрелкелердің» таралуын болдырмау бөлігінде талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру бойынша құзыретін енгізу көзделген», — деді А. Омаров.

Әлеуметтік жарнаманы құқықтық регламенттеу мақсатында Салауатты өмір салтын дәріптеу жөніндегі әлеуметтік жарнаманы қалыптастыру және отандық телеарналарда орналастыру қағидалары бекітілді.

Сонымен қатар, министрдің айтуынша, журналистердің құқықтарын қорғаудың қосымша тетіктерін әзірлеу және олардың қызмет жағдайларын жақсарту мақсатында Журналистерді аккредиттеу қағидасы, журналистердің құқықтары бұзылған жағдайда олардың құқықтарын қорғау жөніндегі регламент әзірленіп, бекітілді.

«Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауы аясында берген тапсырмасына сәйкес БАҚ саласындағы салалық заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта журналистік қоғамдастықпен бірлесіп жұмыс тобы құрылды», — едді А. Омаров.

Оның айтуынша, министрлік саланың кадрлық әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөледі. Медиа саласының мамандарын оқыту бойынша 2020-2021 жылдарға арналған арнайы жоспар әзірленіп, іске асырылды.

Арнайы жоспарды іске асыру кезеңінде:

– салалық журналистерді даярлау бойынша ЖОО-мен меморандумдарға қол қойылды;

– мультимедиалық білім беру және ақпараттық платформа іске қосылды;

– 4 мыңнан астам журналист медициналық, экологиялық, діни және IT-салаларда оқыту курстарынан өтті;

– жаңа білім беру бағдарламалары іске қосылды.

«Бұдан басқа, министрлік цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуды дамыту аясында жоспарлы түрде жұмыс жүргізіп жатыр. Бүгінде Қазақстан халқының 92,43%-ы цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратумен қамтылған», — деді А. Омаров.

11 өңір толығымен ЦЭТХТ-қа көшті. Қалған 6 өңірді көшіру 2024 жылға дейін жоспарланып отыр. Биыл, министрдің айтуынша, Шығыс Қазақстан облысында радиотелевизиялық станцияны пайдалануға беру жоспарланып отыр. ЦЭТХТ-қа көшу халық үшін облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда 30-ға дейінгі, облыс орталығынан төмен деңгейде 15-ке дейінгі телеарнаны трансляциялауға мүмкіндік береді.

«Біз халықтың БАҚ саласындағы мемлекеттік саясатқа қанағаттану деңгейін бағалау мақсатында әлеуметтік зерттеулер жүргіземіз. 2021 жылдың қорытындысы бойынша қанағаттану деңгейі 68,58%-ды құрайды», — деді А. омаров.

Сонымен қатар ол министрліктің ақпараттық саясатты тиімді іске асыру тұрғысынан медиакеңістіктің мониторингін тұрақты негізде жүргізетінін қоса айтты.

«Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша ҚР Үкіметінің қызметіне жұртшылықтың жоғары қызығушылығы байқалады», — деді А. Омаров.

Оның айтуныша, жұртшылық пен БАҚ өкілдері тарапынан сынның болу себептері:

1) мемлекеттік органдар БАҚ-та кеңінен түсіндірілуі керек тақырыптар бойынша ақпаратты толық бермейді;

2) жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ БАҚ-тың ресми сұрау салуларына жауаптарың толық болмауы;

3) БАҚ-та туындаған мәселелерді түсіндіруге біліктілігі жеткіліксіз спикерлерді ұсыну.

«Ақпараттық-түсіндіру жұмысының маңыздылығын ескере отырып, аталған факторлар қоғамның ҚР Үкіметінің қызметін теріс қабылдауына және тұтастай алғанда мемлекеттің оң жетістіктерін нивелирлеуге ықпал етеді», — деп түйіндеді А. Омаров.

Advertisements