ЖИДЕЛІДЕ ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕР 1 МЫҢ ГЕКТАРҒА КЕҢЕЙДІ

268
Түс ауа Жиделі ауылдық округінде өткен кездесуде ауыл тұрғындары жайылымдық жер мәселесін көтерді. Аядай ауылдың күнкөрісі қолдағы малға қарағандықтан, оның жем-шөбі мен жайылатын жерінің тарлығы көпшілікті қаттың алаңдататыны сөзсіз. Бұл мәселеге қатысты пікір білдірген Арыс қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы әрі қала әкімінің орынбасары Ерғали Қуандық проблема ақырындап шешіліп келе жатқанын атап өтті.
«Өздеріңізге жеткізетін жақсы жаңалығымыздың бірі – күні кеше ғана Жиделі ауылының жайылымдық жері тағы да 1 мың гектар жерге заңды түрде кеңейді. Ірі кәсіпкер атанған шаруашылық иелерімен келіссөздер жүргізу нәтижесінде осындай жетістікке қол жеткіздік. Біз әлі де бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра түсеміз», – деді қала әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, бүгін Арыс қаласы әкімдігі мен дербес бөлім басшылары бастаған топтың өкілдері Жиделідегі тұрғындармен кездесіп, елді мекендегі өзекті мәселелердің шешілу жолын талқылап, азаматтардың ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Advertisements