ҚАРТТАРЫМ АМАН-САУ ЖҮРШІ…

206
Арыс қаласындағы Мәдениет үйінде Халықаралық қарттар күніне орай «Қарттарым – асыл қазынам» атты мерекелік шара өтті. Оған қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен дербес бөлім басшылары, Ардагерлер орталығының мүшелері мен ауылдық округтерден келген қариялар қауымы қатысты.
Қала әкімі Арыс қаласының ардагерлерін айтулы күнмен арнайы құттықтап, жалпықалалық мәдени шараларға белсенді қатысып, саламатты өмір салтын ұстанған және қаламыздың дамуына зор үлес қосқан ата-әжелерді түрлі номинациялар бойынша марапаттады.
Атап айтқанда, ардагерлер арасында ұйымдастырылған зияткерлік ойын түрлері мен бата беру, ән айтып, би билеу мен дәстүр жаңғырту бағытындағы танымдық шараларда озат шығып, үлгі-өнеге көрсеткен зейнеткерлер ерекше сый-құрметке бөленді. Одан өзге қарапайым ғана жұмыс істесе де ақ адал маңдай терімен ұл-қыз өсіріп, қоғамның дамуына қомақты үлес қосқан қариялар да құрмет-қошеметтен шет қалмады.
Ал көрермендер құрметіне қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары мерекелік көңіл-күй сыйлап, өнерлерін паш етсе, мәдениет үйінің қызметкері Жұлдыз Өтегенованың жазушы Мұхтар Әуезовтің «Үйлену» әңгімесінің негізінде әзірлеген инсценировкасы (сахналық қойымылы) көпшіліктің көңілінен шықты.
Қала әкімі Гүлжан Мамытқызы мерекелік шарадан кейін Арыс қаласында тұратын бірқатар қариялардың үйіне барып, дидарласып оларды төл мерекелерімен құттықтады.
Advertisements