ТҰРҒЫНДАР УӘЖІ ТЫҢДАЛЫП, ШҰҒЫЛ ТАПСЫРМА БЕРІЛДІ

211
Ақдала елді мекенінде орналасқан С.Ерубаев атындағы мектепте ауыл тұрғындарымен кездесуден кейін қала әкімі Гүлжан Құрманбекова азаматтарды жеке өтініштері бойынша қабылдады.
Жеке қабылдау деп айтылғанымен, шара аясында ауыл тұрғындары көптің мәселесін көтерді. Атап айтқанда, жерді құжаттандыру мен көмір алу, ауыз су мен көше атауы және оқушыларды мектепке тасымалдайтын қоғамдық көліктің жай-күйі айтылды.
Мәселен, ақдалалық азамат Бақсәулет Хасенов ауыл іргесінен су қомайсын салуды ұсынса, бестамдық тұрғын Әлия Сахова балалар үшін ойын алаңшасын салып беруді сұрады. Сондай-ақ, Бестам аулының маңындағы қараусыз қалған ғимаратты игеру жайын сөз етті.
Қала әкімі қабылдауға келген азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап, көпбалалы аналар мен көмекке зәру тұрғындарға тиісті деңгейде көмек беруді сала мамандарына тапсырды.
Жиында ауыл тұрғыны Томатбай Әшірбековтің ұсынысы көптің көңілінен шыққандай. Ол жеміс-жидектерді қаққа айналдырып, табиғи қалпында сақтаудың әдісін жетік меңгергенін айтып әкімнен қолдау сұрады. Өз кезегінде Гүлжан Мамытқызы үй іргелік жерді тиімді пайдаланудың тетігін үйрететін мамандарды Ақдалаға шақырып, тұрғындар үшін арнайы семинар ұйымдастыруды әкімдік өкілдеріне жүктеді.
Advertisements