БАЙТОҒАЙДА БАҒАНАЛАР ЖАҢАРЫП, СУ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛЕДІ

187
Арыс қаласының әкімі Қожатоғай ауылдық округіне қарасты Байтоғай елді мекенінде жергілікті тұрғындармен кездесуінде осылай деп мәлімдеді. Жиынға келген жергілікті тұрғындар ауылдық округке қатысты бірнеше мәселенің шешілуін сұраған болатын. Атап айтқанда, электр желісі мен бағаналардың ескіруі және ағын су мәселесінің түйіні көпшілікті толғандырған.
«Біз осы кезге дейін облысымыздағы электр желісіне жауапты мекеме «Оңтүстік жарық» компаниясымен келіссөздер жүргіздік. Алдағы уақытта қисайған немесе құлауға шақ тұрған бағаналар жаңартылады. Ал ағын су мәселесі де жоғары деңгейде оң шешімін тауып келеді. Айталық, осы жазда Шөгірлі елді мекеніндегі диқандарымыз үшін Көксарайға құятын каналдан су алуға Су ресурстары комитетінен рұқсат алдық. Осы бағыттағы жұмысымызды әлі де жалғастыратын боламыз», – деді Гүлжан Мамытқызы.
Басқосуда жол салу жайы да айтылған болатын. Оған қала әкімі заң талаптарына сай тиісті қаржы бөлінгенімен, тендер ұтып алған мердігер компанияның жауапсыздығынан бірнеше көшеге асфальт төсеу көктемге шегерілгенін ескертті.
Жиын соңында қала әкімі азаматтарды жеке қабылдап, онда көмекке мұқтаж жандарға көмек беру жайы оң шешім тапты. Ал кейбір өтініштер заң шеңбері аясында шешілетіні түсіндірілді.
Advertisements