АРЫСТА КӨГАЛДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

236
«Бір тал кессең, он тал ек» деген бабалар сөзін жадында сақтап, өсиет-өнегесін өмірде ұстанған арыстықтар күз-көктемде тал егуді әдетке айналдыруда. Қазан-қараша айынан бері қаламызда өтіп жатқан сенбіліктер мен жаңа отырғызылған тал-дарақтар соның дәлелі.
Бүгінде қаламызда орналасқан «Жасыл-Арыс» КММ-нің мамандары «Жер-Анаға» желектен жүзік тағып, қаламыздың жасылға орануына үлес қосуда.
Бұл жолғы экологиялық акция Арыс-Шардара айналма жол бойында жалғасты. Мамандардың бір бөлігі ағаш отырғызатын орынды дайындап, мәре-сәре болып жатса, екінші топ жерге тігілген жас шыбықтарды суарып, бұрынырақ отырғызылған талдардың түбін қопсытып, діңін әктеп жатты. Тіршілік көзі тал тамырына жетіп тұрса, жаз шыққанша жайнап шығуы тиіс дейді мамандар.
Игі шара тек қала көлемінде ғана емес, ауылдық округтерде, мекеме-мектеп аулаларында да жалғасуда. Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова шаһарды көгалдандыру мен абаттандыру ісіне ерекше назар аударып келеді. Бүгінгі таңда өз үйі іргесін, тұрғылықты көшесін абаттандырамын деген арыстық тұрғындарға әкімдік тарапынан тегін көшеттер де үлестірілуде.
Жалпы, жоспар бойынша биылғы күзгі ағаш отырғызу маусымына Арыс қаласы мен ауылдық округ аумағында 25 000 көшет отырғызу жоспарлануда.
Advertisements