ҚАЛА ӘКІМІ ЖАС КӘСІПКЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ
Бүгін Арыс қалалық мәдениет үйінде қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың қатысуымен жастарды кәсіпкерлікке баулу, тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында арнайы жиын өтті.
Еркін форматта өткен шараға бизнеске енді аяқ басқан жастар, оқу бітіргелі отырған студенттер мен қаламыздың ірі кәсіпкерлері қатысты.
Кездесуді ашып берген қала әкімі Гүлжан Мамытқызы мұндай шаралар жас кәсіпкерлердің бизнес-бастамаларын іске асырудағы мүмкіндіктерін кеңейте түсетінін атап өтті.
«Арыс қаласын дамытып,жұмыс орындарын ашып, тұрғындардың әл ауқаты мен тұрмыс жағдайын соған сай көтеру Сіздер секілді жастардың қолында. Мемлекет шағын және орта кәсіптің дамуына көптеген мүмкіндіктер мен жағдайлар жасап отыр. Соны дұрыс пайдалана біліңіздер.», – деді қала әкімі.
Шаһар басшысы жастарға әлеуметтік желілерге үңілмей, бос уақытын тиімді пайдаланып, гидротехник, агроном, инженер сынды сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге шақырды.
«Көптеген кәсіпкерлер жаңа технологияларды меңгерген, түрлі заманауи станоктармен жұмыс жасай алатын оператор, инженер сынды мамандар жетіспейтіндігін айтады. Салдарынан, олар шетелден азаматтарды қыруар қаржы төлеп шақыруға мәжбүр. Сондықтан, қаламыздың жастары озық технологияларды үйреніп, білікті маман болуға ұмтылулары керек», – деді қала басшысы.
Басқосуда бизнестері жемісті дамып, іскер атанған азаматтар қатысып, жас әріптестеріне оны дамытудағы тәжірибелерімен бөлісті.
Соның бірі – Арыс қаласында орналасқан «MEGA-AGAT» зауытының директоры Әлішер Мұратұлы.
АҚШ, Түркия, Қытай сынды алпауыт мемлекеттермен тығыз жұмыс жасайтын зауыт басшысы бизнесті өркендетудегі өз тәжірибесімен бөлісіп, жас кәсіпкерлердің ой-ұсыныстарын тыңдап, сұрақтарына жауап берді.
Жиында аталған зауыт пен қаламыздағы екі колледж арасында әріптестік жөнінде меморандумға қол қойылды. Алдағы уақытта жастардың таңдаған мамандығына сәйкес,кәсіпорын мен оқу орны арасындағы байланыс нығайып, маман дайындау ісіне бірлесе күш салатын болады.
Шараны қорытындылаған қала басшысы өзінің орынбасарларына жас кәсіпкерлерге бағыт-бағдар беру мақсатында осындай жиындарды тұрақты түрде ұйымдастыруды тапсырды.