Г.ҚҰРМАНБЕКОВА: АУЫЛ БІРЛІГІ ЖАРАСА БЕРСІН!

122
Бүгін қала әкімі Гүлжан Құрманбекова Дермене ауылдық округі тұрғындарымен кездесуде демеушілік танытып жүрген мектеп түлектеріне айрықша алғысын білдірді.
«Қазіргі таңда Арыс өңірінде түлектер ауылға тарту жасауды дәстүрге айналдырып келеді. Әсіресе, абаттандыру, түрлі салалардың дамуын қарқындату бойынша ілкімді іс көп. Арыста әр жылдары мектеп бітірген түлектер өздерінің мерейлі жылдарында ауылға тарту жасауды үрдіске айналдыруда. Мұның бәрі ауыл халқының бірлігінің арқасында»- деді Гүлжан Мамытқызы.
«Атап айтқанда, өткен жылы Ж.Тәшенов мектебінің 1985 жылғы туған 20 жылдық түлектері 80 адамға арналған құрастырмалы шатырды туған ауылдарына сыйға тартты. Сондай-ақ, Дермене мен Теміржолшыны жалғайтын аспалы көпірге жарықшамдар орнатқан. Ал, Саналы елді мекеніндегі Қаражантақ мектебінің 1985 жылы туған 20 жылдық түлектері, ұзындығы 1500 метр құрайтын Нұрлы көшесіне жарық бағаналарын орнатып берген. Биыл, Ж.Тәшенов мектебінің 1986 жылы туған 20 жылдық түлектері Дерменеде «Әкімқары» мешітіне электр тоғымен жылитын жылу батареяларын орнатты. Онымен шектелмей, Теміржолшы елді мекеніне халықтың ортақ пайдалануына 100 адамға тамақтануға арналған үстел-орындықтарымен тарту жасады. Атымтай жомарт азаматтардың жәрдемімен ауыл келбетіне көрік қосатын нысандардың артуы да ауыз толтырып айтарлықтай, өзгелер үлгі аларлықтай дүние. Сондықтан барша қайырымдылыққа жаны жақын азаматтарға тағы да алғысымды айтамын. Дермене халқының бірлігі жараса берсін!»,- деп түйді қала әкімі Гүлжан Мамытқызы.
Ауыл тұрғындары да осындай қайырымды іске ұйытқы болған азаматтарға айрықша алғыстарын білдіретіндерін жеткізді.
Advertisements