СӘТІН САЛСА ДЕРМЕНЕ АУЫЛ ОКРУГІН ГАЗБЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛАДЫ

134
Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова түске дейін ақдалалық ағайынмен кездесіп, сондағы ауылдастармен алда атқарылар жұмыстарды талқылаған болатын.
Түстен кейін, шаһар басшысы Дермене ауылы тұрғындарымен кездесуге келді. Округте атқарылған жұмыстар мен алдағы атқарылатын ілкімді істерді бірлесе пысықтады.
Кездесуге қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, Арыс аудандық прокуроры Талғат Сейдуалиев және бөлім басшылары қатысты.
“Дермене ауылдық округінің негізгі кәсіп түрі мал шаруашылығы болғандықтан округтегі мал шаруашылығының дамуына қолдау көрсетілуі тиіс. Биылғы жылдан басталған «Ауыл – аманаты» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарының тұрмысын көтеруге бағытталған төмендетілген пайыздық (2,5 пайыз) несие алуға ниет білдірген азаматтарға қолдау көрсетіліп, осы бағытта жұмысты күшетуіміз керек,» – деді қала әкімі Гүлжан Мамытқызы.
Қазіргі таңда Дермене ауылдық округі бойынша «Ауыл – аманаты» бағдарламасы аясында 16 жобаға 72,0 млн теңге несие комитетінен оң қорытынды алынған. Тағы 5 жоба комиссия қарауына ұсынылды.
Ең бастысы, Дермене, Теміржолшы, Орманды, Саналы, Қаражантақ елді мекендерін табиғи газбен қамту үшін ЖСҚ әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Сәтін салса, құрылыс жұмыстары 2024-2025 жылдары басталады.
Бұдан бөлек, округте 19 жұмыссыз жүрген азаматтар ақылы қоғамдық жұмысқа; үш жас маман «Жастар практикасы» бойынша; тағы еді адам «Күміс жас» жобасы арқылы, тағы 2 адам «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен тұрақты жұмысқа орналасқан.
Сондай-ақ, электр жүйелерін жаңарту мақсатында Теміржолшы мен Қызылкөпір елді мекендерін электрмен жабдықтау жобалары әзірленді. Дерменеге заманауи спорт кешенін салуға жобалық сметалық құжаттама әзірленіп, республикалық бюджетке ұсыныс берілді. Ал, Саналы елді мекенінің ауыз су жүйесін күрделі жөндеуден өткізу үшін ЖСҚ әзірленуде.
Кездесуде тұрғындар 2,5 пайыздық несиеге құжат рәсімдеудегі кедергілер, көшелерге тас төсеу, тұрғын үй көтеруге жел телімдерін алу мәселелерін айтты. Қала әкімі әрбір ұсынысты іс-шара жоспарына енгізіп, заң шеңберінде жүзеге асыруды сала мамандарына жүктеді.
Advertisements