ӘКІМ ЖИДЕЛІ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ

156
Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова Жиделі ауылында жаңадан пайдалануға берілген Мәдениет үйінде тұрғындармен есептік кездесу өткізді.
«Өздеріңізге белгілі, қала әкімдігінің жүйелі жұмысы нәтижесінде жиделіліктер «Ауыл-аманаты» бағдарламасына қатысуға мүмкіндік алды. Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздықты азайту. Сондықтан, мемлекет ұсынған жеңілдікті пайдаланып, ауылды дамытуға үлес қосуға шақырамын»,- деді Гүлжан Мамытқызы.
2023 жылы Жиделі мен Аққаланың ішіне газ жүйесінің құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, республикалық бюджетке сұраныс берілген.
«Бастысы биыл – Жиделі, Аққала, Байырқұм, Көкжиде елді мекендеріне дейінгі газ құбырының құрылысы басталады. Сәтін салса, нысан келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Ауылдық округтер арасында көгілдір газ бірінші болып сіздерге қолжетімді болмақ,» – деп сүйіншіледі Гүлжан Мамытқызы.
Ауылда өткен жолғы кездесуде көтерілген ортақ жайылым жер мәселесі шешімін тауып келеді. Биыл Аққала елді мекенінде ортақ жайылым 1000 гектар жерге ұлғайтылды. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайта айналымға қосу мақсатында конкурс өткізіліп, Байырқұм ауылдық округінен –104,8 ГА жер қайта айналымға қосылған.
Сондай-ақ, Жиделіде екі каналды күрделі жөндеуден өткізу қолға алынбақ. Қазіргі таңда «3-К-1» және «3-К-3» каналдарын күрделі жөндеуден өткізу үшін бірінің ЖСҚ әзірленіп, қаржыға сұраныс беріліп қойылса («3-К-1»), екінші каналдың ЖСҚ құжаттары әзірленіп жатыр.
Бұдан бөлек, Жиделі елді мекенінен спорт комплекс салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп, республикалық бюджетке ұсыныс енгізілген. Алдағы уақытта тиісті қаржы бөлінгенде, оның да құрылысы басталмақ.
Жиында жиделіліктер Мәдениет үйінің салынуына ризашылығын білдіріп, қала әкіміне бірқатар ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Advertisements