АРЫСТА ҚАЛА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ЕР ТӨЛЕБАЙ БАТЫР ЕСКЕРТКІШІ АШЫЛДЫ

131

Қала күні қарсаңында Арыс қаласына кіре беріс аумаққа Төлебай батыр Лепесұлының ескерткіші ашылды. Ескерткіштің салтанатты ашылуына қала әкімі Гүлжан Құрманбекова, қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, қала ардагерлері мен қаламыздың зиялы қауым өкілдері және тұрғындары қатысты.

«Жаз жайлауы, қыс қыстауы Арыс өңірінде болған Төлебай батыр Лепесұлы – батырлық пен ерліктің символы саналады. Қалаға кіреберіс іргесіне қойылған ескерткіш – халық арасында батырлар институтын, олардың қазақ мемлекеттілігін сақтаудағы сіңірген еңбегін кеңінен насихаттауға бағытталған. Ескерткіш қойылған аллея – Арыстың көркіне көрік қосып, жастарымыздың бойына патриоттық сезім беретін рухани орынға айналатынына сенімдімін.» деді Гүлжан Мамытқызы.

Шара барысында қаламыздың құрметті азаматы, ардагер теміржолшы Абдулла Сүйінбаев сөз сөйлеп, қала тұрғындарына жылы лебізін білдірді.

Тұғырлы ескерткіштің еңсе тіктеуіне оның ұрпақтары ұйытқы болды. 2000  шаршы метр болатын ескерткіш алдындағы сквер абаттандырылып, тал отырғызылып, орындықтар қойылған.

Ат үстіндегі асқақ батыр бейнесін Арыстың тумасы, мүсінші Бағдат Сәрсенбиев жасаған. Композицияның тұғыр биіктігі 4 метр, оның үстіне биіктігі 5 метр қоладан жасалған тұлпардың үстіндегі батырдың тұлғасы құрайды. Ескерткіштің құрылысына тегістелген табиғи Қордай граниті пайдаланылған.

Төлебай батыр – бейбіт елдің берекесін кетірген жоңғар қалмақтарына қарсы қан майданда қол бастаған сардар. Одан кейінгі кезеңде Қоқан хандығының жүгенсіздігін тоқтату үшін қаймықпай қайрат көрсеткен ержүрек тұлғалардың бірегейі саналады. Абылай ханның ақылшысы Бұқар жыраудың өлең-жырларында жоңғарлармен шайқастардың шынайы бейнелері көрініс тапқан.

Advertisements