ОБЛЫСТА «МАНСАП ОРТАЛЫҚТАРЫ» ҚҰРЫЛДЫ

108

2023 жылдың 1 шілдесінен бастап ҚР «Әлеуметтік Кодекс» өз күшіне енді. Елімізде Еңбек мобильділігі орталықтары құрылып, халықты жұмыспен қамту орталықтары «Мансап орталықтары» филиал ретінде қайта қызметін бастады. Осы орайда облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен жұмыспен қамту орталықтарын трансформациялау бойынша мәжіліс өтті. Жиында сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелер талқыланды.

Түркістан облысы әкімдігінің қаулысымен облыстық «Еңбек мобильділігі орталығы» құрылып, Әділет департаментінде тіркелді. Сонымен бірге облыстың барлық аудан, қалаларында «Мансап орталықтары» құрылды. Аталған орталықтардың қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығы мен біліктілігін арттыру үшін арнайы оқыту семинарларын ұйымдастырып, халыққа қызмет ететін мемлекеттік мекемелерді заман талабына сай жабдықтау жоспарлануда.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудан және қала әкімдеріне тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, тұрақты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді және көрсетілетін қызметтерді толық цифрландыру бойынша жұмыстарды сапалы атқаруды міндеттеді.

– Әрбір аудан, қала әкімдері, осы саланы қайта жіті қарап шығыңыздар. Жұмысты жүйелеу керек. Жаңа жұмыс орындарын ашуға басымдық берілсін. Сонда ғана экономика көтеріледі. Жауапты басқарма жұмыспен қамту бойынша жаңа өзгерістерді сапалы жүзеге асырсын, – деді өңір басшысы.

Жиында Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева жаңа жұмыс орындарын құру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен іске асырылатын жоспарларды баяндады. Басқарма басшысының айтуынша, биыл «Еңбек» бағыты бойынша 84 056 адамды жұмыспен қамту шараларына жолдау, оның ішінде 44 729 адамды бос жұмыс орындарына орналастыру жоспарланды. 1 шілдеге 60 072 адам жұмыспен қамту шараларына, оның ішінде әлеуметтік және қоғамдық жұмыс орындарына, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» және «Күміс жас» жобалары аясында 16 416 адам тұрақты, 28 414 адам уақытша жұмыс орындарына жолданды. Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен биыл жастарға жеңілдетілген 2,5 пайызбен 5 млн. теңгеге дейін 594 адамға шағын несие беру жоспарланды. Бүгінгі таңда конкурстық комиссияда 249 үміткердің бизнес-жобалары қаралып, 110 азаматқа шағын несие беру шешімі шығарылды. Бұдан бөлек, 2023 жылы әлеуметтік осал топтарға жататын азамттар үшін жаңа бизнес идеясын дамытуға 1 380,0 мың теңге көлемінде гранттар беру көзделген. Бүгінгі таңда грант берудің 1 және 2 легі өткізіліп, 927 адамға гранттар берілді. Үшінші және төртінші лектер бойынша гранттар беруді қыркүйек айында өткізу жоспарлануда.

Айта кетейік, биыл Ұлттық жобалар шеңберінде іске асырылатын инфрақұрылымдық жобаларда 5000 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланды. 2023 жылдың 1 шілдесіне 184 жоба бойынша жарияланған 1727 бос жұмыс орынына 1384 адам жұмысқа орналасқан. Ал «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орын құру» бағдарламасының жеке бастамалар шеңберінде облыс бойынша 22 595 жұмыс орындарын ашу көзделіп, нақты 13 628 жаңа тұрақты жұмыс орындары құрылды.

Advertisements