АРЫСТА МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР АРАСЫНДА ҚАЛАЛЫҚ СПАРТАКИАДА ӨТТІ

80

Арыста 23 маусым – Мемлекеттік қызметкерлер күніне орай жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері арасында спартакиада өтті.

Жарысқа қатысушылар кіші-футбол, арқан тарту, ләңгі, асық ату, үстел теннисі, дойбы, қол күресі сияқты спорт түрлерінен сынға түсті.

Спартакиаданың ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары А.Сұлтанов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Шаһар басшысының орынбасары мемлекеттік қызметтегі әрбір адам өз жұмысының жауапкершілігін сезініп, өз елінің патриоты болуға міндетті екенін айтып, қатысушыларды тартысты ойын көрсетуге шақырды.

Қоғам айнасы саналған мемлекеттік қызметкерлердің басын қосқан жарысқа қала әкімі аппараты және дербес бөлімдер мен ауылдық округтерден құрама командалар қатысты.

Бұқаралық спорт түрлері мен салауатты өмір салты қағидаларын дәріптеу іс-шараның басты мақсаты болып табылады дейді ұйымдастырушылар.

Бір сәт кеңседегі құжаттардан босап бар күшін спорт алаңына жұмсауға асыққан қатысушылар жарыстың көрігін қыздыра түсті.

Жарыс нәтижесінде жалпы есеп бойынша І орынды қала әкімінің орынбасары Е.Қуандық жетекшілік ететін сала мамандары жеңіп алды. Ал әкім орынбасары Р.Айтбаев жетекшілігіндегі бөлім мамандарынан құралған команда ІІ орынды қанжығасына байласа, А.Сұлтанов жетекшілік ететін сала мамандары ІІІ орынды еншіледі.

Барлық жеңімпаз командаларға қала әкімінің арнайы кубогы табысталды.

Advertisements