АРЫС: ДАУЫЛҒА ҚАРСЫ ЖЕДЕЛ ШТАБ ДЕМАЛЫС КҮНДЕРІ ДЕ КҮШЕЙТІЛГЕН РЕЖИМДЕ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

61

Түркістан облысында қатты дауыл салдарынан бірнеше аудан, қалада қауіпті жағдай қалыптасқандықтан Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб құрылған болатын.

Облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев штаб отырысын өткізіп, алдағы демалыс күндері қауіпсіздік шараларын күшейтуді, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыруды тапсырды.

– Өздеріңіз білесіздер, Түркістан, Кентау қалалары мен бірнеше ауданда желдің екпіні бәсеңдемей тұр. Штаб құрамындағы департаменттер мен басқарма өкілдері жағдайды бақылауда ұстап, күрделі жағдай туындаса шұғыл әрекет ету үшін әрдайым тығыз байланыста болғаны жөн. Өзекті мәселелер, ұсыныстар болса, тыңдауға дайынмын. Ақылдасып, іс атқарайық. Әр мекеме, әр құрылым өзіне жүктелген міндетті талапқа сай атқарып, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауы тиіс. Екіншіден, алдағы демалыс күндері жүздеген адам өңіріміздегі таулы аймақтарға демалысқа шығады. Олар қауіпсіздік талаптарын сақтамаса, өрт қаупі туындауы мүмкін. Ал мына дауылда өртті сөндіру қиын. Сондықтан демалыс орындары мен таулы аймақтарда бақылауға алынғаны дұрыс, – деді Бейсен Тәжібаев.

Штаб отырысында Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев 5 мамырдағы сағат 17:00-дегі ахуалды баяндады. Оның айтуынша, дауыл соғып жатқан аумақтарда мамандар жұмыс істеп жатыр. Жағдай бақылауда. Тиісті ақпараттандыру жұмыстары жүргізілген.

– «Қазгидромет» мекемесі дауылды жел екпіні 6 мамырда да сақталады деп болжап отыр. Өңірде Түркістан облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты орман шаруашылықтары, Ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты су қоймалар бар. Аталған басқармалар тарапынан да өртке, төтенше жағдайға қарсы кезекшілік күшейтілгені жөн, – деді ол.

Бүгінде Кентау қаласындағы мектептер қашықтықтан оқытуға көшірілді. Сауран ауданы мен Түркістан қаласындағы бірнеше мектепте де оқу онлайн жүйесіне ауыстырылған.

Түркістан облысында 4 мамырдан бастап ауа-райының күрт нашарлап, жел екпіні 21-24 м/с жетуіне байланысты 2 қалада Түркістан, Кентау қалаларында және Сауран, Бәйдібек, Сайрам, Түлкібас аудандарында электр энергиясының жаппай сөнуі, кейбір аудандарда ғимарат шатырларының желмен ұшу деректері тіркелді.

Түркістан облысында желдің ең қатты екпіні таулы аудандарда кездесіп, 20-28 м/с көрсеткішіне дейін жетуде. Ал Түркістан қаласындағы ең екпінді жел қуаты 28 м/с болды.

Облыста электр жарығы сөнген аудан, қалаларда қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Бәйдібек, Сайрам және өзге де аймақтардың басым бөлігінде электр желілері қалпына келтірілді. Қазіргі таңда электрге қосылмаған 1360 абонент қалып отыр. Мамандар бұл көрсеткіш сағат сайын өзгеріп жатқанын, электр мәселесінде аса түйткілді апат болмағанын, жағдай тез қалыпқа келетінін жеткізді. «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесінің бригадалары үздіксіз жұмыс істеп жатыр. Ал шатыры ұшқан білім ұяларының мәселесі назарға алынып, есептеу-түгелдеу жұмыстары жүреді. Одан кейін толық қалпына келтіріледі.

Төтенше жағдай департаментінің өкілдері тұрғындарға шатырлардан, электр бағаналарынан, ағаштардан және желмен ұшып адамға зиян тигізетін заттардан алшақ жүру, балаларды мүмкіндігінше далаға шығармау, ашық жерде от жақпау керектігін ескертеді.

 

Advertisements