ӘЖЕЛЕР БАРДА САЛТ-ДӘСТҮР ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

61

Арыста 15 мамыр – Отбасы күні қарсаңында «Ұлтымыздың балқаймағы – әжелер» атты танымдық семинар өтті.

С.Сейфуллин мектебінде өткен рухани шараға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл бастаған қала ардагерлері мен ақ жаулықты әжелер және мектеп оқушылары қатысты.

Ұмыт болып бара жатқан рухани мұраны жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған жиында халқымыздың түрлі дәстүрлері мен ғұрыптары туралы сыр шертілді.

Шара барысында шаһар басшысы Гүлжан Құрманбекова әжелермен бірге күздігүні бие ағытардағы ақырғы қымызға көрші-қолаңды шақыру кәдесі саналған «Сірге мөлдірету» рәсіміне қатысты.

Одан кейін, ақ кимешегімен мерекеде сән сыйлап жүрген, әсем дауыстарымен әлемді тербеп, айналаны керемет өнердің шуағына шомылдырған «Назыкүл қажы» әжелер тобы көрініс қойды. Әжелер сахна төрінде ұлттық нақыштарымен әр сыйлап, ақ кимешектерімен еңсесі биік аналарымыздың болмысын қалыптастырып, ұмыт бола бастаған ұлттық тағам мен жоралғыларды паш етіп, көрерменнің ықыласына бөленді.

Өнерпаз оқушылар тағылымы мол әннен шашу шашып, көпшілікті тәнті етті.

Шарада сөз сөйлеген қала әкімі Гүлжан Құрманбекова қазіргі таңда жас ұрпақ тәрбиесіне, соның ішінде салт-дәстүрді кеңінен насихаттауға әжелердің айрықша үлес қосып отырғанын атап өтіп, қалалық Ардагерлер орталығы мен мектеп ұжымына алғысын білдірді.

Жылдың қай мезгілі болса да, халыққа қызмет етіп, ұлағатты ұрпақ өсірумен қатар, өнер әлемінде де өзіндік орнын таба білген әжелерге көрермендер қошемет көрсетіп, алғыстарын жаудырды.

Advertisements