ҚҰРМЕТТІ МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МЕН АРДАГЕРЛЕРІ!

73

Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Қазақстанның мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, кез келген елдің баға жетпес рухани байлығы. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, салт-дәстүрімен, мәдениетімен танылып, бағаланады. Түркістан облысы – ұлттық құндылықтарымыз бен мәдени мұраларымызды дәріптеп, атадан балаға мұра болып келе жатқан дәстүрімізді насихаттауға сүбелі үлес қосып келе жатқан рухани бай өлке. Өңірдегі 700-ге жуық мәдениет және өнер мекемелері облыстың рухани әлеуетін арттыру жолында қызмет етіп келеді.

Әлем жұртшылығы Түркістан топырағын руханият пен өркениеттің өрістеген өңірі ретінде құрмет тұтады. Ал осы жолда елдің санасын сілкінтуге бағытталған батыл бастамалар мен мазмұнды бағдарламалардың байыппен іске асуына ақын-жазушы, кітапханашы, әртістер мен архив, музей, өнер ошағындағы өзге де мамандардың қосқан үлесі өлшеусіз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен бүгінгі таңда мәдениет қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен көтеріліп келеді. Сондай-ақ өткен жылы ел Президенті «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағын қайтару жөнінде бастама көтерді. Бұл игі істер – елдің рухани қажеттілігін қанағанттандыру жолында жан аямай еңбек етіп келе жатқан мәдениет саласының майталмандарына жасалған лайықты құрмет деп білемін.

Сіздердің асыл қазыналарымызды, ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан әдет-ғұрыптарымызды жаңғырту жолындағы еселі еңбектеріңіз барлық құрметке лайық.

Баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық табыстар тілеймін.

Құрметпен,

Дархан Сатыбалды

Түркістан облысының әкімі

Advertisements