БАҒУСЫЗ ҚАЛҒАН МАЛ ИЕЛЕРІНЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНАДЫ

50

 

Бүгін қала орталығында орналасқан «Батырлар алаңы» аллеясы аумағында иесіз екі ірі қара мал жайылып жүргені анықталды. Үй жануарының қоғамдық орындарда бей-берекет жайылып жүргені тұрғындардың наразылығын тудырғаны рас. Өйткені төрт түлік мал қаланың көгалдандыру жұмыстарына залалын тигізетіні даусыз.

Қалалық әкімдік мамандары жергілікті полиция бөлімімен бірлесіп бағусыз малды уақытша айыппұл тұрағына айдап қамады. Өйткені малды не сырғасы, не ені жоқ. Яғни, сол мезетте иесін сырға арқылы анықтау мүмкін болмады. Енді қала аумағындағы егілген гүлзарлар мен жасыл желекті бүлдірген мал иелері анықталған соң, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынатын болады.

Жалпы қараусыз малдың бей-берекет жайылып жүруі қала тұрғындары үшін де қауіпті. Қаламыздың жасыл желегін бүлдірумен қатар, автожолға алаңсыз шыққан мал, жол апатын тудыруы мүмкін. Сондықтан, тұрғындардан төрт-түлігін тәулік бойы көзден таса қылмауды сұраймыз.

Advertisements