ҚАДІРЛІ ҰСТАЗДАР!

66

 

Құрметті оқушылар, ата-аналар!

Баршаңызды Білім күнімен, жаңа оқу жылының басталу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын!

Жаңа оқу маусымы еліміздің дамуына үлес қосатын саналы ұрпақтың зердесіне білім мен тәрбие алауын жағатын уақыт.

Қазіргі таңда, мемлекет тарапынан білім саласына үлкен қамқорлық көрсетіліп келеді. Оның ішінде біздің Арыс қаламызда көптеген оңды істер атқарылуда.

Атап айтқанда, биыл М.Әуезов мектебіне 200 орындық қосымша корпус пайдалануға берілді. Сондай-ақ, И.Журба мектебіне дәл осындай 300 орындық қосымша оқу ғимараты салынып жатыр. 2023 жылдың соңында пайдалануға берілген соң, қаламызда үш ауысымды мектеп мәселесі түбегейлі шешімін табады.

Бұдан бөлек, биылғы жылы Отырар мен Тараз, Наурыз тұрғын ауданында 2 мектептің құрылысы басталды. Оның екеуі «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатыр. Сондай-ақ, Онтам елді мекенінде жеке кәсіпкер 150 орындық мектеп құрылысын жүргізуде.

Заманауи үлгіде жабдықталатын жаңа білім ордасын жыл соңына дейін ел игілігіне беру жоспарланған.

Жалпы, алдағы жылдары мемлекет тарапынан және жекеменшік әріптестік аясында тағы үш мектеп салуды көздеп отырмыз.

Сондай-ақ, халық саны аз, шалғай елді мекендердегі балаларға жан-жақты жағдай жасау, алаңсыз білім алуына қолдау көрсету мақсатында лизинг жолымен, жаңадан үш қауіпсіз автобус берілді.

Білім саласында атқарылған игі істер мұнымен бітпейді. Биыл қала мен ауылдарда орналасқан 37 мектепте 20 мыңнан астам оқушы білім алады. Олардың үштен бірі, яғни бастауыш сыныпта оқитын 6826 оқушы, биылдан бастап 100 пайыз ыстық тамақпен қамтылатын болады.

Қымбатты оқушылар!

Сіздер үшін жасалынып жатқан қамқорлық пен зор қолдаудың арқасында жарқын жетістіктерге жетіп, жаңа белестерді бағындырады деп сенеміз.

Зерделеріңізге тоқыған білімдеріңіз, бойға дарыған ұлағатты тәлімдеріңіз – жарқын болашаққа жол ашсын!

Қадірлі ұстаздар қауымы!

Өткен оқу жылында, қол жеткізген жетістіктеріміз аз болмады. Осы ретте, Ел болашағын тәрбиелеп жүрген мәртебелі мамандық иелері – Сіздердің тынымсыз әрі жемісті еңбектеріңізді атап өткен жөн.

Ізгілік пен ізденісті жоғары қойып, сапалы білім мен өнегелі тәрбие беруге ғұмырын арнаған игі қызметтеріңізге табыс тілеймін!

Мәртебелеріңізді асырар шәкірттеріңіз көп болғай!

Жаңа оқу жылы жетістіктерге жетелесін!

Ізгі ниетпен,

Арыс қаласының әкімі

Гүлжан ҚҰРМАНБЕКОВА

Нет описания фото.

Advertisements