Г.ҚҰРМАНБЕКОВА: АРЫСТА ЖАҢАДАН ҮШ МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

69
Жайдары жаздың үш айын қызықты да мазмұнды өткізіп, жиған білімдерін одан әрі тереңдете түсу үшін барша қазақстандық оқушылар алтын ұя мектептеріне қайта оралып, жаңа оқу жылына қадам басты. Міне, осындай алғашқы қоңырау салтанаты Арыста да ерекше аталып өтті.
Әсіресе, М.Әуезов атындағы мектеп-гимназия шәкірттері биыл 1 қыркүйек – Білім күнінде қос қуанышын қабат тойлады. Біріншісі – көптен күткен білім күні болса, екіншісі – өздері оқитын білім ошағы жаңа кейіпке еніп, жаңадан қосымша 200 орындық оқу корпусының ашылғандығы.
Салтанатты іс-шараға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова арнайы қатысып, оқушыларға ыстық лебізін жеткізді.
«Қазіргі таңда, әкімдік тарапынан білім саласына үлкен қамқорлық көрсетіліп келеді. Сіздер білім алатын М.Әуезов мектебіне 200 орындық қосымша корпустың пайдалануға берілуі соның айғағы. Биыл қаламызда жаңадан үш мектептің құрылысы басталды. Бастауыш сыныпта оқитын 6826 оқушы 100 пайыз ыстық тамақпен қамтылатын болады. Оқушыларымыз жасалынып жатқан қамқорлық пен зор қолдаудың арқасында жарқын жетістіктерге жетіп, жаңа белестерді бағындырады деп сенеміз», – деді шаһар басшысы Гүлжан Мамытқызы.
Игі шарада Әнұран шырқалып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы көтерілді. Биыл қаламызға қарасты 37 мектепте 20 мыңнан астам оқушы тәрбиеленсе, оның 1526-ы мектепке алғаш қадам басты. Қолдарына «Әліппесін» қыса ұстаған олар «мектеп» атты кеменің жолаушылары атанды. Шара барысында жиынның сәнін кіргізіп, бірінші және он бірінші сынып оқушылары күміс қоңырауды сыңғырлатты. Шаттық пен ыстық сезімдерге толы бұл күн мектеп оқушылары үшін ерекше есте қалғаны анық.
Айта кетейік, 955 оқушы білім алатын М.Әуезов мектебінде 95 ұстаз еңбек етеді. Биылғы оқу жылында 72 оқушы осы оқу орнының табалдырығын алғаш аттады. Оқушы саны артуына байланысты жаңадан пайдалануға берілген 200 орындық жаңа оқу ғимараты толықтай заманауи үлгіде жабдықталған. Мұнда жылы су жүйесі, ойын және спорттық алаңшалар орнатылған. Барлық оқу кабинеттері жаңа парта-стөлдермен, интерактивті тақталармен, оқу-әдістемелік құралдармен, ішкі әжетханалармен жабдықталған.
Нет описания фото.
Advertisements