АРЫС: АҚДАЛА АУЫЛЫНДА 240 ОРЫНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ АШЫЛДЫ

98

 

Бүгін қаламызға қарасты Ақдала ауыл округінің орталығынан заманауи үлгідегі ауыл клубы мен кітапхана комплексі пайдалануға берілді. Жаңа мәдени ошақтың ашылуына қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Жаңадан бой көтерген мәдени ошақ жергілікті тұрғындардың ұлттық өнермен сусындауына, талантты жастардың талабын шыңдауға мүмкіндік бермек.

Екі қабаттан тұратын рухани орда заманауи үлгіде жасалынған. Бірінші қабатында 240 адамға лайықталған көрермен залы орналасқан. Кітапхана, сондай-ақ, түрлі үйірме сыныптары, қызметкерлер кабинеті мен гардероб, жуынатын бөлмелер бар. Екінші қабатында оқу залы, компютерлік бөлме, демалыс залдары мен қызметкерлер кабинеттері барлық керекті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Тіпті, мүгедектігі бар азаматтар үшін жедел саты жүйесі іске қосылған.

Бұдан бөлек, жаңа нысанның ауласы да талапқа сай абаттандырылған. Мұнда, орталықтандырылған жылу қазандықтары қойылған. Ағаштар отырғызылып, демалыс орындары, бастырмалар, күл-қоқыс шығаратын орындар бар.

Өнерге қанат қаққан ауыл жастарының талабын шыңдап, түрлі мерекелерде халыққа рухани азық сыйлау мақсатында жаңадан бой көтерген мәдениет ошағы аумағы 1217,63 шаршы метрді құрайды.

Айта кетейік, былтыр қала әкімі Гүлжан Құрманбекова Ақдала тұрғындармен кездескенде жергілікті халық Мәдениет үйі мен кітапхана салу қажеттілігін айтқан болатын.

Тұрғындар ұсынысымен, 240 орындық Мәдениет үйінің құрылысы өткен жылы басталып, биыл ел игілігіне беріліп отыр.

Нет описания фото.

Advertisements