ҚАЛА ӘКІМІ Г.ҚҰРМАНБЕКОВА АҚДАЛА ЖҰРТШЫЛЫҒЫМЕН КЕЗДЕСТІ

67

 

Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова Ақдала ауылы тұрғындарымен кездесті. Бүгін ғана ашылған су жаңа мәдениет үйінде өткен кездесуге қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, сала басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.

Шаһар басшысы алдымен атқарылған негізгі жұмыс-жоспарлар турасында қысқаша баяндады. Жиын негізінен сұрақ-жауап үлгісінде, ашық диалог форматында өтті.

«Былтыр өздеріңізбен кездесуде ауыл клубы мен кітапхана, және спорт зал кешенін салып беруді сұраған болатынсыздар. Бүгін, ұсыныстарыңызға сәйкес, 240 орындық клуб пен кітапхана комплексі пайдалануға беріліп отыр. Енді ауылдан спорт зал салу үшін жобалық сметалық құжаттамасы әзірленіп, республикалық бюджетке қаржыға ұсыныс енгізілді. Ендігі мақсат – ауыл ішіндегі дарынды, талантты балаларды үйірмеге тартып, бойындағы жасырынып жатқан өнерін жандандыру,» – деді шаһар басшысы.

Кездесуде қала әкімі ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл – аманаты» жобасына ерекше тоқталып өтті. Аталған бағдарламаға Ақдала ауылынан бүгінгі таңғы есеп бойынша 43 жоба несие комитетіне ұсынылып, 29 жобаға 135,4 млн. теңге оң қорытынды берілген. Шаһар басшысы ауылдастарды жылдық мөлшері 2,5 пайыздан аспайтын бірегей жобаға қатысып, мүмкіндікті жіберіп алмауға шақырды.

Ақдалада инфрақұрылымдық мәселелер де шешімін тауып келеді. Мәселен, округке қарасты П.Арапов елді мекенінде биыл 1 дана трансформатор жаңартылып берілді. Қазіргі таңда Ақдала ауылында 5,3 шақырым электр желілері мен ескірген 1 трансформатор ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.

Ал, Ақдала, П.Арапов елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жобалық сметалық құжаттамасы әзірленіп, 2024-2025 жылдары құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Сондай-ақ, биыл Ақын-Жақып кесенесін абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда мердігер анықталып, келісім шарт түзілуде.

Кездесуден соңы жеке қабылдауға ұласып, ауылдастар әлеуметтік көмек, балалар ойын алаңшасы, тұрақты жұмыс сынды мәселер айтылып, қала әкімі Гүлжан Құрманбекова тарапынан нақты жауаптар берілді.

Нет описания фото.

Advertisements