ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЭКОТУРИСТЕР САНЫ 1,5 ЕСЕГЕ КӨБЕЙДІ

98

Биыл Түркістан облысына келушілер мен туристердің саны артқан. Оның ішінде биыл 8 айда ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда 115 мың адам демалған. Ал былтыр 12 айда 74,9 мың адам келген болатын. Сондай-ақ биыл 8 айда Түркістан қаласына біркүндік келушілер саны 519,3 мың адамға жетті. Түркістан өңірінде туризмді дамыту мәселелері талқыланған мәжілісте облыс әкімі Дархан Сатыбалды бұл салада жұмысты күшейтіп, ұзақ жылдарға индикаторлар белгіленген тұжырымдама әзірлеуді тапсырды.

– Көрсеткіштер жақсы. Бұл жұмыстарды жалғастырыңыздар. Бірақ біздің алдымызда нақты мақсаттар болуы керек. Ол – туристер санын көбейту. Мысалы, келесі жылы екі есе, одан кейін үш есе көбейту, осы салада жұмыс орындарын ашу, табысты молайту және өзге де миссиялар бекітілуі қажет. Ал ол үшін не істеу керек? Әкімдік қандай қолдау көрсеткені дұрыс? Туристерді жыл сайын көбейту үшін қанша қонақүй қажет? Қай елдермен әуе рейстерін ашамыз? Ресей, Өзбекстан, Қытай, Түркия және өзге де елдердің саяхатшыларын тартатындай туристік бағыттар, инфрақұрылым, іс-шаралар жоспарын бекіту де – уақыт талабы. Міне, осы және басқа да мәселелерді шешу жолдары жоспарланып, бекітілгені жөн.

Сондықтан кемінде 5 жылға жоспарланған тұжырымдама әзірлеуді тапсырамын. Басшылар ауысқанымен, сол тұжырымдама ары қарай жұмысын жалғастыруы тиіс. Оған туризм саласының білікті мамандарын тартыңыздар. Еліміздегі және шетелдегі тәжірибелерді зерттеңіздер. Іздену керек. Осы құжатты әзірлеуге 2 ай мерзім беремін. Аудан, қала әкімдері де өздері басқаратын аумақтың туристік әлеуетін көтеру бойынша жұмыс атқарсын. Жауапты басқарма мен «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығына іс-шаралар мазмұнын байыту, ізденісті арттыруды тапсырамын. Тарихи Түркістанның туристік әлеуеті бұған мүмкіндік береді, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың айтуынша, облыс аумағында 220 қонақ үй және 72 емдік-сауықтыру орны қызмет көрсетеді. Биылғы 8 айдың статистикалық дерегіне сәйкес, қазіргі таңда өңірімізге 230,5 мың турист және 737,9 мыңнан астам біркүндік келуші келген. Оның ішінде орналастыру орындарына 6 айда 115,5 мың, «Әзірет-Сұлтан» қорық-музейіне 519 320 адам, «Отырар» қорық-музейіне 8 айда 218658 адам келген. Қазіргі таңда Түркістан қаласында нөмірлік қоры 2557 төсек-орынды құрайтын 58 орналастыру орны қызмет атқарады.

2018 жылдан бері Түркістан қаласында 34 орналастыру орны қолданысқа беріліп, нөмірлік қор 1479 төсек-орынға немесе 2,5 есеге артқан. Туристік қызмет саласының тартылған инвестиция көлемі 280,1 млрд. теңгені құраған.

Былтыр 3 қонақ үй, ал биыл 2 қонақ үй қолданысқа берілді. Қазіргі таңда Түркістан қаласы аумағында 5 қонақүй құрылысы жүргізіліп жатыр. Жобалардың жалпы соммасы 13,4 млрд. теңгені құрайды.

Соңғы жылдары экологиялық туризм бүкіл әлемде трендқа айналуда. Өңірімізде де экологиялық туризм қарқында дамуда. Оның айқын дәлелі, өткен жылмен салыстырғанда табиғи аумақтар келушілер саны 1,5 есе артқан.

Облыста жыл соңына дейін республикалық және халықаралық деңгейдегі туристік іс-шаралар ұйымдастырылады.

Возможно, это изображение 4 человека

Advertisements