ТҮРКІСТАН: МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ЗЕРДЕЛЕНДІ

1

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласы өңір экономикасының маңызды құрамдас бөлігі саналады. Оның ішінде мал шаруашылығы – халықтың негізгі күнкөріс көзі әрі экспорттық әлеуеті зор сала ретінде ерекшеленеді. Дегенмен, соңғы жылдары бұл салада бірқатар жүйелі және құрылымдық мәселелердің орын алып жатқаны байқалып отыр. Осыған байланысты облыс әкімдігі тарапынан мал шаруашылығын басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыру, нақты әрі шынайы есеп жүргізу, мал иелерін әділ салық төлеуге ынталандыру мақсатында арнайы кешенді жұмыстар қолға алынды.

Атап айтқанда, қазіргі таңда Түркістан облысында статистикалық есеп пен ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру (ИЖБ – идентификация) дерекқор базасын өзара сәйкестендіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ветеринариялық тексерулер нәтижесінде анықталған, бірдейлендірілмеген 14 мыңнан астам мал басы бойынша тиісті мәліметтер электрондық базаға енгізіліп, олар заңды түрде есепке алынды. Бұл – болашақта саладағы ашықтықты қамтамасыз етудің нақты қадамы.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровке ветеринария саласының цифрландырылуы, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру процесінің қазіргі ахуалы, сонымен қатар өзекті түйткілдер туралы жан-жақты баяндалды. Ветеринария басқармасының басшысы Ғани Құрманбайдың айтуынша, ҚР Үкіметі тарапынан қазіргі таңда ветеринария жүйесін түбегейлі реформалау бағытында бірқатар маңызды қадамдар жүзеге асырылуда.

Бүгінде бұл сала бойынша бес түрлі дерекқор базасымен цифрлық форматта жұмыс жүргізіледі. Бұл – бірыңғай ақпараттық алаң қалыптастыруға, деректердің нақты әрі шынайы болуын қамтамасыз етуге, артық құжат айналымын азайтуға және есептілікті автоматтандыруға бағытталған шаралар жиынтығы.

Осы ретте облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, арнайы жұмыс тобы құрылып, облыс аумағындағы аудан және қалаларда ауыл шаруашылығы кешенінің төрт бағыты – жер пайдалану, мал санының нақты есебі, субсидиялау жүйесі және салық төлеу тәртібі бойынша кешенді зерделеу жұмыстары жүргізілді. Зерттеу нәтижелері бұл салада бірқатар маңызды кемшіліктер бар екенін көрсетті. Атап айтқанда:

  • кейбір шаруалар мал басын толық көрсетпей, статистикалық деректер мен нақты жағдай арасында үлкен алшақтық тудырып отыр;

  • салық төлеуден жалтару фактілері жиі тіркелуде;

  • ауыл шаруашылығына арналған жер телімдерін тиімді пайдаланбау жағдайлары жиілеген.

Бұл мәселелер ауылдық жерлерде мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігін төмендетіп, әділетсіз бәсекеге жол ашатыны анық. Мұндай келеңсіздіктерді жою мақсатында цифрлық шешімдер әзірленіп жатыр.

Осыған орай облыс басшысына инновациялық мобильді қосымша мен веб-порталдың мүмкіндіктері таныстырылды. Жаңа ақпараттық жүйе ветеринарлық қызметтердің жұмысын оңтайландырып қана қоймай, фермерлер мен жеке шаруаларға да айтарлықтай ыңғайлылық ұсынады. Бұл жоба – тіркеу, есепке алу, қадағалау және бақылау процестерін толықтай автоматтандырып, адами фактордың ықпалын барынша азайтуды көздейді.

Аталған жүйенің артықшылықтарына мыналар жатады:

  • мал иесі өзінің малын онлайн тіркей алады;

  • әрбір жануарға GPS-трекер арқылы нақты бақылау жүргізіледі;

  • ветеринарлар диагностика, вакцинация және есепке алу жұмыстарын тікелей қосымша арқылы орындай алады;

  • мәліметтер орталық базада бірден жаңартылып отырады, бұл бақылау мен жоспарлау процесін жеңілдетеді.

Бұл бастама, ең алдымен, ауылдағы еңбек адамын қолдауға, адал еңбек етушілерге жағдай жасауға, мал шаруашылығындағы бейберекет тірлікті жүйелеуге бағытталған. Сонымен қатар, жергілікті бюджетке түсетін салық көлемінің артуына, мемлекеттік қолдаудың әділетті әрі нысаналы түрде жүзеге асуына септігін тигізеді.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров пилоттық жобаның тиімділігін терең әрі жан-жақты зерттеуді тапсырды. Сонымен қатар жауапты тұлғаларға саладағы ашықтықты арттырып, бақылау жүйесін күшейту, шаруалардың түсіндіру жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру, заң бұзушылықтарға тосқауыл қою туралы нақты міндеттер жүктеді.

Алдағы уақытта бұл жүйе облыс аумағында толық енгізіліп, кезең-кезеңімен республика бойынша таралуы мүмкін. Мал шаруашылығы – елдің азық-түлік қауіпсіздігімен қатар, экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі секторлардың бірі екенін ескерсек, бұл бағыттағы бастамалар аса маңызды.

Advertisements