ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫН ТҰРАҚТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

1

Халықтың әлеуметтік әл-ауқаты мен тұрмыс деңгейінің көрсеткіші – азық-түлік бағасының тұрақтылығымен де тікелей байланысты. Осы тұрғыда Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыруға бағытталған жүйелі және нақты шаралар қабылдануда. Бұл бағытта атқарылған нәтижелі жұмыстардың арқасында өңір өткен жылы республика бойынша үздік атанып, бірінші орынға шықты.

2023 жылдың қорытындысы бойынша облыста инфляция деңгейі 7,5%-ды құрап, республикалық орташа көрсеткіштен төмен деңгейде сақталды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінде өткен апталық аппарат мәжілісінде кеңінен сөз болды. Жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров бағаны тұрақтандыру бағытындағы жұмыстарды одан әрі күшейтіп, бақылауда ұстау қажет екенін баса айтты.

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қорын назарда ұстаңыздар. Бағаны тұрақтандыруға қатысты іс-шаралар жүйелі, сапалы әрі тұрақты жүргізілуі тиіс. Өңірдегі әлеуметтік дүкендерге азық-түліктің уақтылы жеткізілуі қадағаланып, жәрмеңкелер тұрақты өткізіліп отырсын», – деді облыс басшысы Нұралхан Көшеров.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың мәлімдеуінше, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар тауарларға негізсіз үстеме баға қою фактілері бойынша қатаң шаралар қабылданған. Делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі комиссия 281 факті бойынша тексеріс жүргізіп, әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін құжаттарды тиісті органдарға жолдаған. Картоптың сауда үстемесін заңсыз көтерудің 7 жағдайы тіркеліп, әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Бағаның күрт өсуін болдырмау үшін аймақта «Айналым схемасы», форвардтық келісімшарттар және тұрақтандыру қорын қалыптастыру тетіктері кеңінен қолданылуда. Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында жалпы 32 мың тонна азық-түлік жиналған. Бұл көлем маусымаралық кезеңде бағаның күрт өзгеруіне жол бермей, нарықты 6 айға дейін қажетті өніммен қамтуға мүмкіндік береді.

Мәселен, көкөніс өнімдерінің бағасын маусымаралық кезеңде тұрақтандыру мақсатында облыстағы тауар өндірушілермен алдын ала форвардтық келісімшарттар жасалған. Картоп бойынша, мысалы, қала тұрғындарының үш айлық қажеттілігі 3 992 тоннаны құраса, нақты келісім 4 309 тоннаға бекітіліп, қамтылу деңгейі 108%-ға жеткен. Бұл өнімдер нарыққа 100 теңге бағамен жеткізіліп отыр.

2023 жылдың желтоқсанынан бастап аймақта нарыққа 960 тонна картоп, 219 тонна қырыққабат, 250 тонна пияз және 318 тонна сәбіз шығарылып, тұрғындарға төмен бағамен ұсынылған.

Бүгінде Түркістан, Кентау және Арыс қалаларында 36 әлеуметтік дүкен жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар барлық аудан және қала орталықтарынан қосымша екі дүкеннен орналастыру жоспары пысықталуда. Бұл дүкендерде сатылатын тауарлар бағасы нарықтағыдан 20-30 пайызға төмен. Әлеуметтік дүкендермен қатар, жыл басынан бері Түркістан қаласының тұрғындарына арналған 17 жәрмеңке ұйымдастырылып, тауар өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы тікелей байланысты нығайтуға жол ашылған.

Түркістан облысы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін көбейтуді де басты назарға алып отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлібек Плаловтың айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 37 мың гектарға ұлғайып, жалпы 896 мың гектарға жеткізілмек. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қатарына кіретін – картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат сынды дақылдар 31,5 мың гектарға орналастырылып отыр. Одан 736 мың тонна өнім жинау көзделуде.

Бұл – маусымаралық кезеңдегі тапшылықты болдырмауға және бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, өңірде ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту, суармалы жерлердің көлемін ұлғайту және заманауи технологияларды енгізу арқылы өнім көлемі мен сапасын арттыру бағытында да жұмыстар қолға алынған.

Қорыта айтқанда, Түркістан облысында азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында кешенді әрі нақты шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл халықтың әлеуметтік қорғалуы мен өмір сүру сапасын арттыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі саналады.

Advertisements