ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА 1 МЛРД 615 МЛН АҚШ ДОЛЛАРЫ КӨЛЕМІНДЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ЖӨНІНДЕГІ МЕМОРАНДУМДАРҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Елордада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Саммиті аясында Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің кезекті 7-отырысы өтті. Бұл іс-шара Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық әріптестікті тереңдетіп, ірі инвестициялық жобаларға жол ашатын стратегиялық алаңға айналған. Кеңесте қос елдің бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдарының қатысуымен жаңа жобалар талқыланып, іскерлік байланыстардың болашағы пысықталды.
Аталған кеңеске Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, өңірге шетелдік капитал тарту бағытында маңызды келіссөздер жүргізді. Кеңес қорытындысы бойынша Түркістан облысы әкімдігі мен Қытайдың жетекші компаниялары арасында жалпы құны 1 миллиард 615 миллион АҚШ долларын құрайтын төрт ірі инвестициялық жоба бойынша ынтымақтастық меморандумдарына қол қойылды.
Туризм мен қызмет көрсету саласындағы серпінді жоба
Меморандумдардың алғашқысы Түркістан қаласында туризм мен қызмет көрсету саласына арналған ауқымды жобаны қамтиды. Жоба аясында бес жұлдызды қонақүй, аквапарк және бейнебақылау жүйелері өндірілетін зауыт салу көзделуде. Жобаның жалпы құны 270 миллион АҚШ долларын құрайды.
Қазіргі таңда арнайы экономикалық аймақтан 11,8 гектар жер телімі бөлініп, қажетті дайындық жұмыстары басталған. Жобаны жүзеге асыратын тарап — Қытайдың «Chian Chuangshi Construction Group» компаниясы. Құрылыс барысында 18 қабатты қонақүй кешені, заманауи аквапарк, демалысқа арналған вилла аумақтары бой көтереді. Бұл жоба тек туризмді ғана емес, жергілікті инфрақұрылым мен қызмет көрсету сапасын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға сеп болмақ.
Энергетика – стратегиялық салалар тізімінде
Облыстың энергетикалық әлеуетін арттыру мақсатында Қытайдың «China Energy Overseas Investment Co.,Ltd» компаниясымен бу-газ қондырғысы (500 МВт) мен күн электр станциясы (300 МВт) құрылысын салу туралы келісімге келінді. Сонымен бірге электр желілеріне арналған металл тіректер мен энергия сақтау құрылғыларын өндіретін зауыт базасында электр станциясы салынатын болды.
Осы жобаларға жалпы сомасы 915 миллион АҚШ доллары бағытталмақ. Аталған станциялар Бәйдібек, Сауран және Түлкібас аудандарында салынатын болады. Қуат көздерін тұтыну көлемі жоғары Түркістан облысы үшін бұл жобалар өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, экологиялық және экономикалық тұрақтылыққа жол ашпақ.
Өңдеу өнеркәсібін қолдайтын өндіріс
Меморандумдардың бірі Ордабасы ауданында алюминий бұйымдарын өндіретін зауыт салуға бағытталған. Бұл өндіріс орны «Central Asia Aluminium» ЖШС тарапынан жүзеге асырылады. Жобаның құны 17 миллион АҚШ долларын құрайды.
Жоба аясында құрылыс, көлік, өнеркәсіп салаларына қажетті алюминий бұйымдары шығарылып, аймақтағы өңдеу өнеркәсібі дамуына серпін береді. Сонымен қатар жаңа өндіріс орны жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді.
Тоқыма кластері: мақтаны шикізат күйінде сатудан өнім шығаруға көшу
Түркістан облысы — еліміздегі мақта өсірумен айналысатын жалғыз өңір. Осы күнге дейін өңір мақтаны тек шикізат ретінде экспорттап келген. Бұл шаруалардың пайдасын азайтып, шикізаттық экономика аясында қалып қоюына себеп болып отыр.
Осыған байланысты облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей тапсырмасымен тоқыма кластерін құру жұмыстары басталып, Қытайдың мақта өңдеуге маманданған «Xinjiang Lihua(Group) Co., Ltd» компаниясымен серіктестік туралы келісімге қол жеткізілді.
Жоба аясында облыста мақта талшығын қайта өңдейтін зауыт, жіп иіру фабрикасы және мата өндіретін кешендер салынады. Инвестиция көлемі – 440 миллион АҚШ доллары. Бұл жобаның іске асуы өңірдің шикізаттық экономикалық моделінен өңдеу және экспортқа бағдарланған кластерлік жүйеге көшуіне ықпал етеді.
Қорытынды
Жалпы алғанда, қол қойылған меморандумдар Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа сатыға көтеріп, инфрақұрылым, энергетика, туризм, өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы салаларына тың серпін береді. Бұл жобалар өңірде мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға елеулі әсер етпек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің өзара сенімді қарым-қатынасы осындай ауқымды жобаларға жол ашып отыр. Инвестициялық ынтымақтастықтың бұл толқыны алдағы жылдары өңір экономикасының даму қарқынын күшейтіп, Түркістанды халықаралық маңызы бар экономикалық орталықтардың біріне айналдыруға негіз қалайды.