ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ОҢТҮСТІК АУДАНДАРЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МЕН ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРМЕН ҚАМТЫЛУДА

3

Түркістан облысы – еліміздің аграрлық және әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жоғары аймақтарының бірі. Бұл өңірде халық тығыз орналасқан, әрі табиғи-климаттық жағдайлары ауыл шаруашылығын өркендетуге қолайлы. Облыстың оңтүстік бөлігіндегі Мақтаарал ауданы – егін шаруашылығымен аты шыққан іргелі өңірлердің бірі. Бүгінгі таңда бұл ауданда инфрақұрылымдық жобалар мен әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқын алып отыр.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Мақтаарал ауданына жасаған жұмыс сапары барысында бірнеше стратегиялық нысанды аралап, ондағы жұмыстармен танысты. Атап айтқанда, аудан орталығы Атакент кентінде бой көтеріп жатқан жаңа 1500 орындық жайлы мектептің құрылыс барысын бақылап, мердігерлермен кездесті. Аталған мектеп – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аясында салынып жатқан маңызды нысандардың бірі.

Мектептің құрылысына жауапты – «Bazis Construction» ЖШС. Ал тапсырыс беруші – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ. Жоба 2023 жылдың мамыр айында басталып, 2024 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Мектеп 4,058 гектар жер теліміне орналасқан, жалпы ауданы 14 710 шаршы метрді құрайды. Оқу ордасында 105 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, инженерлік инфрақұрылым тарту, жол салу, интернет желісіне қосу сынды маңызды техникалық жұмыстар толықтай аяқталған.

Нысанның қазіргі құрылыс қарқыны мен сапасын саралаған облыс әкімі бірқатар кемшіліктерге тоқталып, мердігерге нақты тапсырмалар жүктеді:

«Құрылысты жүргізуге барлық жағдай жасалды. Бірақ әлі де олқылықтар бар. Аудан әкімдігі мен білім басқармасы күнделікті бақылау жасап, уақытылы қадағалауы қажет. Өйткені бұл — Президенттің тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатқан маңызды жоба. Сондықтан барлығымыз жұмыла жұмыс істеуіміз керек,» — деді Нұралхан Көшеров.

Мақтаарал ауданында «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында жалпы 5 мектептің құрылысы жоспарланған. 2023 жылы соның екеуінің құрылысы басталып кетті. Ал 2024 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы тағы 3 мектептің құрылысы жүргізілетін болады. Бұл жаңа оқу орындары ауданның білім беру сапасын көтеріп, балалардың қолайлы, заманауи білім ордаларында оқуына жағдай жасайды.

Облыс әкімінің іссапары барысында Мақтарал ауылдық округіндегі К-20 каналының қазіргі жағдайы да қаралды. Суармалы егіншіліктің күретамыры саналатын бұл канал 1924 жылы салынған. Жалпы ұзындығы — 27,18 шақырым, ал су өткізу мүмкіндігі — 10 м³/сек. Қазір канал арқылы 10 832 гектар егістік жер суарылады.

Алайда, каналдың техникалық жағдайы едәуір ескірген. Ұзындығының 5 шақырымы әлі күнге дейін бетонмен қапталмаған. Соның салдарынан судың жерге сіңуі және шығыны көбейіп, шаруалардың шығыны артуда. Сонымен қатар, каналдың негізгі бөліктері тозып, күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамалар (ЖСҚ) әзірленуде. Бұл – алдағы уақытта толық қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп, су арнасының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сапар барысында Нұралхан Көшеров ауыл шаруашылығы саласына тікелей әсер ететін су инфрақұрылымын қалпына келтірудің маңыздылығына тоқталып:

«Каналдың толық жөнделуі – егіннің өнімділігі мен шаруалардың табысын арттырады. Сондықтан бұл мәселе облыс басшылығының тікелей бақылауында болады. ЖСҚ дайын болған соң, республикалық бюджеттен қаражат тарту бойынша тиісті жұмыстар атқарылады,» – деді әкім.

Айта кетейік, соңғы жылдары Мақтаарал ауданында ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, жол және су инфрақұрылымы бағытында ауқымды жобалар қолға алынуда. Қолға алынған шаралар жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартып, экономиканың тұрақты дамуына жол ашады.

Advertisements