ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ТЕМІРЖОЛШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

4

Арыс қаласы – еліміздің ірі көлік-логистикалық тораптарының бірі ретінде ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік және инфрақұрылымдық тұрғыдан даму жолына түскен аймақ ретінде де ерекше назарда. Соңғы жылдары қалада халықтың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында ауқымды жобалар жүзеге асып келеді. Солардың бірі – қаланы толықтай табиғи газбен қамту жұмыстары. Бұл игі бастама тек тұрғындардың өмір сүру деңгейін көтеріп қана қоймай, экологиялық ахуалды жақсартуға да оң әсер етеді.

Аталған мәселе аясында Арыс қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес жұмысшы топ құрылып, олар сала өкілдерімен және тұрғындармен белсенді кездесулер өткізуде. Соның бірі – теміржолшылармен өткен кездесу. Бұл кездесудің мақсаты – тұрғындарды газдандыру процесінің барысымен таныстыру, газға қосылу ережелерін түсіндіру және алдағы жылыту маусымына дейін қажетті дайындықты пысықтау болды.

Кездесу барысында жұмысшы топ мүшелері мен «Жібек жолы – Келес газ» мекемесінің мамандары жиналғандарға табиғи газбен қамтудың барлық кезеңдері бойынша толыққанды ақпарат берді. Мекеме басшылығы газға қосылудың артықшылықтарына кеңінен тоқталды. Табиғи газ – экологиялық таза, үнемді әрі қауіпсіз отын көзі. Оны пайдалану үй шаруашылығын жеңілдетіп қана қоймай, отынға кететін шығындарды да азайтады. Сонымен қатар, көмір, отын тасу секілді қиындықтардан арылып, отбасылық тұрмыста жайлылық пен қолайлылық орнайды.

Газға қосылудың тәртібі туралы да кеңінен сөз қозғалды. Атап айтқанда, азаматтарға газға қосылу үшін қандай құжаттарды жинау қажет, монтаждау жұмыстарын кім жүргізеді, қауіпсіздік шараларын қалай сақтау керек – осының бәрі түсіндірілді. Жиынға қатысқан теміржолшылар өз кезегінде сұрақтарын қойып, оларға нақты әрі жан-жақты жауаптар алды. Кейбір тұрғындар техникалық талаптар мен тарифтер туралы сұрастырса, енді бірі үй ішіне газ тарту қызметтерінің құны мен уақытылы аяқталуы жөнінде пікір білдірді.

«Жібек жолы – Келес газ» мекемесінің өкілдері газдандыру жұмыстарының кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда қала бойынша 6 мыңнан астам абонентті газбен қамту көзделіп отыр. Бұл дегеніміз – өте ауқымды жұмыс. Әсіресе қала орталығында монтаждау, құжат рәсімдеу, техникалық тексерулер күн тәртібінде тұр. Газға қосылу үшін тұрғындар өз үйінің жобалық құжаттарын дайындап, арнайы мамандандырылған компаниямен келісімшартқа отыруы тиіс. Осы ретте мекеме өкілдері үй ішіндегі газ тарту жүйесінің сапалы әрі қауіпсіз жүргізілуіне ерекше назар аудару қажеттігін ескертті.

Теміржол саласының қызметкерлері бұл бастаманы жылы қабылдап, қолдау білдірді. Олар өз тараптарынан уақытылы құжат рәсімдеп, газдандыру жұмыстарына кедергі келтірмей, белсенділік танытуға дайын екендерін жеткізді. Кездесу өте мазмұнды өтті. Мұндай кездесулердің жиі өткізіліп тұруы халықтың түсінігін кеңейтіп, туындаған сауалдарға нақты жауап алуға мүмкіндік беретіні айтылды.

Арыс қаласының газдандыру жобасы – ел Үкіметінің тапсырмасы негізінде жүзеге асып жатқан ауқымды инфрақұрылымдық бастамалардың бірі. Бұл жоба арқылы қала тұрғындары жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруге мүмкіндік алады. Сонымен қатар көмір және ағаш отын сынды баламалы отын көздерінің қоршаған ортаға тигізетін зиянын ескерсек, табиғи газға көшу – экологиялық тұрғыдан да тиімді шешім.

Қала әкімдігі тұрғындарға “қыстың қамын жаз ойла” деген нақылды еске салып, газға қосылу мәселесін кейінге қалдырмай, жылыту маусымы басталғанға дейін толықтай дайын болуға шақырып отыр. Уақтылы құжат тапсырып, үй ішіне газ тарту жұмыстарын ертерек жүргізу – тек өз үйінің жайлылығы үшін ғана емес, жалпы қаланың қауіпсіздігі үшін маңызды.

Сондықтан, барлық Арыс қаласы тұрғындарын, әсіресе көпқабатты үй иелерін, жеке сектордағы азаматтарды газдандыру процесіне белсене қатысып, техникалық талаптарды сақтауға, белгіленген мерзім ішінде қажетті құжаттарды рәсімдеуге шақырамыз. Бұл – тек бүгінгі күннің емес, келешек ұрпақтың игілігі үшін жасалып жатқан маңызды қадам.

Advertisements