ТҮРКІСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯ ИРАН ИНВЕСТОРЛАРЫМЕН КЕЛІССӨЗДЕР ЖҮРГІЗДІ
Түркістан өңіріне инвестиция тарту және өндіріс орындарын ашу бағытында жұмыстар жалғасуда. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен облыстық делегация Тегеран қаласына жұмыс сапарымен барып, Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы экономикалық белсенділерінің форумына қатысты. Бұл форумның басты мақсаты – екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыру және жергілікті кәсіпкерлермен тәжірибе алмасу.
Форум мен кездесу
Іссапар барысында Қазақстан Республикасының сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бастаған делегация Иран Ислам Республикасының өнеркәсіп, кен және сауда министрі Сейед Мохаммад Атабекпен кездесті. Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту жолдарын талқылады.
Форумда Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқарма басшысы Нұрлан Мырзахметов Түркістан облысында 25 млн. АҚШ долларына кілем өндірісі зауыты құрылуы туралы жобаны таныстырды. Осы жоба аясында «Sorena Carpet Co» ЖШС басшысы Reza Mahmoudian және Iran Carpet Export Symposium басшысы Naser Seraji арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Іскерлік кездесулер мен келіссөздер
Форум барысында B2B форматында іскерлік кездесулер ұйымдастырылды. Түркістан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұрлан Мырзахметов ирандық трактор шығарушы «Iran Tractor Co.Ltd» басшысы Наси Аббаси мырзамен, Иран Ислам Республикасының ауыл шаруашылық министрлігінің балық шаруашылығы департаментінің директоры Мехди Шахоуримен және Иран сауда және өнеркәсіп палатасының төрағасы Амир Абедимен, сондай-ақ басқа да кәсіпорын басшыларымен табысты келіссөздер жүргізді. Келіссөздерде трактор құрастыру, балық жемін өндіру, мал терісі мен жүнін қайта өңдеу салалары бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.
Кілем өндірісі саласындағы ынтымақтастық
Түркістан облысының делегациясы Иранның Кашан қаласына барып, кілем өндірісіне машықтанған «Adet Carpet Co.Ltd», «Ektiban Carpet Co.Ltd», «Sorena Carpet Co.» кілем зауыттарын аралап, олардың жұмысымен танысты. Сонымен қатар, екі жақты талқылаулар нәтижесінде Түркістанда ирандық кілемдердің шоу-румын және кілем зауытын ашу туралы келіссөздер жүргізілді.
Алдағы жоспарлар
Алдағы уақытта Ирандық кәсіпкерлер Түркістан облысының инвестициялық ахуалымен танысу мақсатында арнайы іссапармен келуді жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға және Түркістан өңіріне қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.