Шымкент қаласы бойынша 67 отбасы солтүстікке қоныс аударуға ниет білдірген

339

Шымкент қаласының халықты жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен өткен кездесуде мемлекеттік бағдарламаның тиімділігі мен талаптары қала тұрғындарына кеңінен түсіндірілді. Аталған бағдарламаның мақсаты – оңтүстіктен қоныс аударушыларды жұмыспен қамту. Өңір өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда солтүстік өңірде білікті дәрігерлер мен мұғалімдер сұранысқа ие.

Оңтүстік өңірінің тұрғындарын солтүстікке қоныстандыру мәселелері бойынша Шымкент қаласының «SHANYRAQ» орталығында Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарының жұмыспен қамту орталығының бас мамандары кездесу өткізді.

Биыл оңтүстіктен қоныс аударған әр отбасы мүшесіне берілетін субсидия мөлшері – 70 АЕК. Яғни, 204 мың теңге қаражат көшіп жайғасу үшін көмек ретінде беріледі. Мысалы, 4 баласы бар отбасы қоныс аударса – 1 млн 224 мың теңге бірден беріледі. Оған қоса, бір жыл бойы үй жалдауға ақшалай көмек ретінде 1 адамға 43 755 теңге(15 АЕК) төленеді. Ал, 2 және 4 адамнан тұратын отбасыға 52 506 теңге (18 АЕК) ақшалай көмек көрсетіледі.

– Қоныс аударушыларға ең алдымен, ауа-райының ерекшелігін атап өтеміз. Сонымен қатар, мемлекет есебінен «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде қайтарымсыз грант алып, түрлі салада өз кәсібін ашуға да мүмкіндік бере аламыз. Әсіресе, өңірде туристік бағытта кәсіп ашуға зор мүмкіндік бар, – дейді ШҚО Катонқарағай ауданының өкілі Екатерина Шаймарданова.

Айта кетсек, 2020-2021 жылы Шымкент қаласы бойынша 67 отбасы қоныс аударуға ниет білдірген. Жалпы, өткен жылы оңтүстіктен қоныс аударған отбасылардың басым бөлігі ауылшарушылығы мен мал шаруашылығы кәсібімен айналысып, өз шаруашылықтарын дамытып отыр.

Advertisements