ТАПШЫЛЫҚТЫ ЖОЮДЫҢ БІРЕГЕЙ ТЕТІГІ

102

Ресей, АҚШ, Ұлыбритания және Оңтүстік Кореяда оқып, білімімді жетілдіріп жүріп байқағаным – бізде техникалық кадр тапшылығы қатты байқалады. Бұл ойым қазір қоғамды толғандырып тұрған атом электр стансасы құрылысы тақырыбымен де сабақтасып жатыр. Олай дейтінім – елде атом энергетикасын қолдану ең бірінші кезекте білікті мамандардың көмегімен ғана жүзеге асырылады. Олардың басым бөлігі, әрине, өзіміздің мамандар болуы керек.
Ал АЭС-ке қатысты алаң¬даушылыққа негіз жоқ деп білемін. Егер электр энергиясын сырттан тасымалдасақ, өндірген тауарымыздың бағасы қалай төмен болады? Бұл бағаның бақылаусыз өсе беруіне жол ашады. Тау-кен өндірісі электр қуатынсыз мүлде жұмыс істей алмайды. Ірі өндіріс үздіксіз, тұрақты энергия көзін қажет етеді. Дамыған елдердің бәрінде АЭС жұмыс істеп тұр. Одан қорқып, үрейленіп отырған халықты өз басым естімедім де, көрмедім де.
АЭС – атом ядросының энергиясын электр энергиясына айналдыратын станса. Ядролық реакторда ядролық отын орналасады. Ядролық отын ретінде уран изотоптары пайдаланылады. Қазір турбинасыз электр тоғын алу жолдары да зерттеліп жатыр. АЭС-тің артықшылығы неде? Біріншіден, ол электр энергиясын тұрақты, үздіксіз өндіреді. Онда электр қуатының өшу қаупі жоқ. Екіншіден, АЭС – бүгінде электр энергиясымен ең үлкен көлемде қамтамасыз ете алатын станса. Үшіншіден, көмір мен газға қарағанда, АЭС жұмыс істегенде күкірт, азот оксиді сияқты адам денсаулығына зиян-ды шығарындылар таратпайды. Төртіншіден, АЭС-і бар елдер энергетикалық тәуелсіздікке ие бола отырып ғылыми зерттеу мен инновациялардың дамуына жол ашып, жаңа өн¬дірістердің іргетасы қаланып, жұмыссыздықтың азаюына сеп¬тігін тигізеді.
Атом энергиясының бейбіт мақсатта қолданылатыны белгілі. Өйткені атом энергетика саласы жетекші өндіріс саналады. Дүниежүзінде ядро¬лық саланың қауіпсіздігін, ядролық электр энергиясы на¬рығын бақылайтын МАГАТЭ – Атом энергетикасы жөнін¬дегі халықаралық агенттік жұ¬мыс істейді. Осы ұйымның деректеріне көз салсақ, әлемдегі тек 30 мемлекеттің өзінде 400-ден аса энергоблок бар екен. Бүгінде Францияның ішкі энергобалансындағы барлық энергоқуаттың 70 пайызын АЭС реакторлары береді. АҚШ-та – 94, Францияда – 56, Қытайда – 56 энергоблок бар. Ресей 36 энергоблокпен қуат алып отыр.
Бізде жедел нейтронмен жұмыс істейтін 1 реактор Ақтау қаласын тұщы сумен, электр энергиясымен қамтамасыз етіп келді. Оны біреу білер, біреу білмес. Елдегі реактордың зияны не зардабы туралы ешбір жерде, ешкім байбалам салып жатқан жоқ. Демек оның ешкімге зияны жоқ.
Энергетика мамандарының талдауына сәйкес, 2030 жылға қарай еліміздің электр қуатына деген қажеттігі 28,2 гигаватты құрамақ. Тапшы болатын 6 гигаватты өзге мемлекеттерден сатып алуға мәжбүр боламыз. Сұранысты толық өзіміз де жаба алмай, жетіспейтін электр энергиясын Ресейден алып отырған жайымыз бар.
Уран өзімізден шығады. Уран қоры бойынша әлемде екінші орындамыз, өндіру бойынша ең алда тұрмыз. Осындай маңызды шикізатты сатып мардымсыз табыс тапқанша, өзімізде өндірейік, ел игілігіне жаратайық, табыс табайық. Тағы бір айта кететін мәселе – баламалы энергетика көздері. Табиғи жолмен өн¬дірілетін күн және жел, су энергиялары елдегі өндірістердің сұранысын толық жаба алмайды. Оның үстіне, табиғи энергия климат ерекшелігіне, географиялық және техникалық шарттарға байланысты. Кез келген жерге қондырғы орналастыра алмайсыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр сөзін зерделей келіп, АЭС салу жөнінде талқылауды бүкілхалықтық референдумға, ел талқысына салуы өте орынды деп ойлаймын. Бәсекеге қабілетті, қуатты мемлекет болуымыз үшін АЭС қажет деген тұжырымға тоқтадым.

 

Айдос Қамбаров – энергетика саласының ардагері

Advertisements