Түркістан облысында белгісіз біреу тұрғынның жылқысын сойып, алып кетіпті

434

Түркістан облысының полицейлері жайылымнан жылқыны сойып, алып кеткен күдікті ер азаматты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Созақ ауданы ПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келген. Онда жайылымда жүрген жылқысын белгісіз біреу түнгі уақытта сойып, алып кеткенін көрсеткен. Жәбірленуші азаматқа келтірілген жалпы шығын көлемі 700 мың теңге. Аталған дерек ҚР 188-1-бабы (Мал ұрлығы) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркелді. Тәртіп сақшылары хабар түсісімен оқиға орнына жедел жетті. Жайылымнан жылқының бас сирақтары мен ішек-қарыны табылды. Осылайша полицейлер одан әрі күдіктіні табуға бағытталған барлық іс-шараларды жүргізді. Атқарылған тиянақты жұмыстарының нәтижесінде күдікті ер азамат анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Айғақты зат ретінде оның басқаруындағы автокөлігінің жүк салғышынан мал байлауға арналған арқан алынды. Полицейлер көліктен алынған заттай дәлелдеме мен оқиға орнынан алынған айғақты заттардың сәйкестігін анықтау мақсатында сараптама тағайындады. Сараптама қорытындысына сәйкес ұсынылған заттардың бір-біріне сәйкес екендігі белгілі болды. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.Белгілі болғандай күдікті азамат түнгі уақытта оңай жолмен ақша табуды көздеген. Осылайша өзінің басқаруындағы жеңіл автокөлікпен жайылымға бет алған. Содан соң жылқылар үйірін көріп, көлігіне сыймайтынын біліп, бір бас жылқыны сол жерде сойып, етін алып кеткен. Ал бас-сирақтары мен ішек-қарынын тастап кеткен.  Өз кезегінде Түркістан облысының полиция қызметкерлері үй жануарларын қараусыз қалдырмау керектігін ескертеді. Осындай жайт орын алса бірден “102” нөмірі арқылы полицейлерге хабарласыңыз.

Advertisements