Түркістан: газеттің мерейтойында ұлттық құндылықтар дәріптелді

442

Түркістан қаласындағы «Этноауыл» кешенінде «Сәлем саған, Түркістан!» мәдениет және өнер фестивалі аясында Түркістан облыстық «Жанубий Қозоғистон» газетінің 30 жылдық мерейтойына арналған іс-шара өтті. Оған зиялы қауым мен қоғам қайраткерлері, депутаттар және БАҚ өкілдері қатысты. Салтанатты іс-шараның ашылуында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов еліміздегі тыныштық пен этносаралық келісімді сақтауға өз үлесін қосып жүрген басылымды мерейлі мерекесімен құттықтады.

– Басылым бүгінде жаңа дәуірдің тағы бір белесін бағындырды. Егемен елдің қалыптасуы мен өңірдің дамуына, қазақстандық патриотизмді нығайтуға үлкен үлес қосып келе жатқан газеттің Елбасы саясатының басты бағыттарының бірі – этносаралық достықты насихаттауда атқаратын рөлі зор. 30 жылдық мереке қарсаңында аталған басылым түркі жұртының рухани астанасы – Түркістанға қоныс аударып, тарихтың жаңа парағын ашты. Облыс орталығына көшіп келген газет ұжымының жаңа тынысы ашылып, шығармашылық тұрғыда шыңдала береді деп сенемін! – деді Сәкен Амангелдіұлы.

Сонымен бірге облыс әкімінің орынбасары бірлік пен бейбітшілікті дәріптеп, тұрақтылықты сақтауға үлес қосып жүрген басылымның бірқатар қызметкерлерін облыс әкімінің арнайы Алғыс хатымен марапаттап, газет ұжымына бағалы компьютерді сыйға тартты.

Жиында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Фахриддин Қаратаев, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан және «Южный Казахстан» газетінің бас редакторы Марина Лимаренко құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілектерін білдірді.
Аталған жиында қонақтар нан өнімдері көрмесі және «Жанубий Қозоғистон» газетінің шыққаннан бергі тарихын бейнелейтін суреттері мен ұлттық қолөнер шеберлерінің туындыларынан қойылған көрмені тамашалады. Сондай-ақ мерекелік шарада игі жақсылар бүлдіршіндердің тұсауын кесіп, ақ батасын берді.

Мерекелік жиында киіз үйдің жабдықталуы, ұлттық тағамдарды дайындау, ет асу және палау әзірлеу бойынша арнайы байқау ұйымдастырылды. Байқау нәтижесінде киіз үйдің жабдықталуы бойынша 1-орынды Түлкібас ауданы, 2-орынды Қазығұрт ауданы және 3-орынды Келес ауданы еншіледі. Сауран ауданының қатысушылары ынталандыру сыйлығын алды. Ет асу бойынша Кентау қаласы 1-орыннан көрінсе, 2-орынды Мақтаарал ауданы және 3-орынды Төлеби ауданы жеңіп алды. Ал «Палау-fest» байқауы бойынша 1-орынды Сайрам ауданы иеленсе, 2-орын Жетісай ауданына және 3-орын Сарыағаш ауданының аспаздарына бұйырды. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы қаржылай сыйлықтар тапсырылды.

Мерекелік іс-шара дарынды өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Advertisements