ШЫМКЕНТТЕ 173 АДАМ «PFIZER» ВАКЦИНАСЫН ҚАБЫЛДАДЫ

394

Бүгін денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов қала әкімдігінің @akimat_shymkent инстаграм парақшасының тікелей эфирінде КВИ-ге қарсы вакциналау жұмысының барысын баяндады.
Шымкентте 15 қарашадан бастап жүкті әйелдер мен балаларға коронавирусқа қарсы «Pfizer» препаратымен вакцинациялау басталған болатын. Екі күн ішінде қалада 173 адам осы вакцинаны қабылдаған.
Екпе алдынан дәрігерлер тұрғындарды медициналық тексеруден өткізіп, қарсы көрсетілімдері болмаған жағдайда екпе егуде. Мекемелерде профилактикалық жұмыстарды жүргізуге барлық жағдай жасалған.
– Қалаға бүгінге дейін «Pfizer» вакцинасының 46 800 дозасы жеткізілді. Бұл препараттың құрамында иммундық қорғаныс жасайтын вирус болмағандықтан коронавирус инфекциясын туындатпайды. Вакцинация 21-28 күн аралықпен екі рет жүргізіледі,-деді қаланың бас дәрігері.
«Pfizer» екпесі 12-ден 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге, жүкті әйелдер мен лактация кезеңіндегі әйелдерге ерікті түрде салынады. Профилактикалық вакцина азаматтардың өз келісімімен ғана жүргізіледі. Ал жасөспірімдерді вакцинациялау ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімімен жүзеге асады.
Эфир барысында Б.Позилов тұрғындар жолдаған 50-ден аса сұраққа жауап берді. Сұрақтардың басым бөлігі жасөспірімдер мен жүкті әйелдерге салынатын вакцинаның әсері жөнінде болды.
Вакцина алғандардың ішінде 133-і жасөспірім, 28-і жүкті әйел және 12-сі бала емізетін ана. Басқарма басшысының сөзінше, екпе алғандар арасында кері реакция жағдайы тіркелмеген.
Advertisements