Түркістан: пиротехникалық заттарды мұқият пайдалану қажет

385

Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті жыл сайын Жаңа жыл мерекесін тойлау кезінде пиротехникалық заттарды қолдану барысында жазатайым оқиғаларды алдын алуға бағытталған іс-шараларды қарқынды түрде ұйымдастырады. Түркістан облысының Полиция департаментімен бірлесіп, пиротехникалық заттарды сататын ірі сауда орындарына рейдтік іс-шараларды жүргізіледі. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басқармасы бастығы Нұрболат Нұржанұлы мәлімдеді.
«Пиротехникалық заттарды сатуға лицензиясы жоқ немесе сақтау тәртібінде заң бұзушылықтары орын алған жағдайда полиция қызметкерлері тарапынан кәсіпкерге айыппұл салуға әкімшілік іс қозғалып, пиротехникалық заттарды тәркілеуге алады. Жаңа жыл шыршасы өтетін орындарда мемлекеттік инспекторлармен өрт қауіпсіздігін бақылау жұмыстары жүргізіліп, кезекшілік ұйымдастырылады. 2020, 2021 жылдары Жаңа жыл мерекесін тойлау кезінде пиротехникалық заттарды пайдалану кезінде жазатайым оқиғалар тіркелмеген», – деді ол. 

Пиротехникалық бұйымдарды тек лицензиясы бар дүкендердің арнайы бөлімдерінен сатып алған жөн. Температуралық режим сақталмаған жерден алынған пиротехника денсаулыққа қауіпті. Бұйымдарда сәйкестік сертификаттары, сондай-ақ қолдану жөніндегі егжей-тегжейлі нұсқаулықтар болуы тиіс.
Advertisements